Ақтөбе облысында 8 автобус қар құрсауынан шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 8 автобус қар құрсауынан шығарылды

09.02.2024

Еліміздің басым бөлігінде бүгін де ауа райы құбылмалы болады.Қалың тұман түсіп, қар мен жаңбыр жауады. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай облыстарында желдің күші секундына 30 метрге дейін жетуі мүмкін. Қазіргі таңда кейбір өңірлерде көлік қозғалысы қиындаған. Жолда қалып қойғандар да бар.

Мәселен, Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 8 автобус құтқарылды. Жылыту пункттеріне 427 адам жеткізілді.

Апаттық-құтқару жұмыстарына полицейлер мен құтқарушылардан бөлек әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 техника, 211 маман тартылды. Олар бронды көлікпен жолда қалған 26 адамды құтқарды. Араларында 2 айлық бала да болған. 8 аудан орталығынан 11 жылыту бекеті ашылды. Полицейлер жолда қалған 50-ден астам көлікті қауіпсіз жерге шығарған. Өңірде әлі 2000 абонент жарықсыз отыр. Қазіргі уақытқа дейін 56 ауылдың 27-сіне тоқ көзі қайта жалғанды. Коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қарағанды облысында боран соғып, жолдар жабылды

Қарағанды облысында секундына 28 метрге дейін жел соғып, ақтүтек боранға байланысты жолдар жабылды. Әсіресе, республикалық маңыздағы және бірнеше облыстық, аудандық маңыздағы жолдар көліктің барлық түрлері үшін жабылды. Алыс сапарға шықпақ болған көліктер полиция бекеттерінде тоқтатылды. Қарағанды -Астана бағытында 200 - ден астам көлік жолға жіберілмеді. Алайда ескертуді елемей шығып кеткен ауыр жүк машиналары мен жеңіл автомобильдер қар құрсауында қалып қойған. Оларға полицейлер мен құтқарушылар көмекке келіп, жолаушылар уақытша жылыту пункттеріне жеткізілді.

Сондай-ақ, Теміртау қаласының тұрғындары да жолда қалғандарға тамақ әкеліп, қайырымдылық көрсеткен. Боранға байланысты соңғы тәулікте қала ішінде және жолдарда 50-ден астам жол көлік оқиғасы болды. Үш жол апатынан зардап шеккендер медициналық көмекке жүгінген. Ал мектептерде бүгін 11 -сыныптарға дейін сабақ қашықтан оқытылады.

Алдияр Маратов, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сіздерге елдімекеннен шықпауға, алыс сапарды кейінге қалдыруға шақырамыз. Боранға қарамай шығып кеткен 50-ге жуық жеңіл көлік және 200-ге жуық жүк көлігі жол бойында жіберілмей тұр.

Ақмола облысында қар құрсауында қалған 26 адам құтқарылды

Ақмола облысында өткен тәулікте қар құрсауынан 26 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Оның біреуі – бала. Үшеуі – көрші Ресей елінің азаматтары. Астрахан ауданында құтқарушылар аппендицитпен ауруханаға бара жатқан баланы қар құрсауынан құтқарды. Ерейментау ауданында да жолдан қалған аяғы ауыр әйел дер кезінде емдеу мекемесіне жеткізілді. Сондай-ақ, Жарқайың ауданында да жүз қой тасымалдаған екі жүк көлігі қар құрсауында қалған. Құтқарушылар жүргізушілерді жылыту пунктіне жеткізіп, малға шөп әзірледі. Қазір өңірде бірнеше бағыттағы облыстық және республикалық маңызы бар жолдар жабық. Аудандардағы мектептер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Абай облысында оқушылар қашықтан білім алады

Абай облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты Бородулиха, Бесқарағай, Ақсуат аудандары мен Курчатов қаласында 1-11 сынып оқушылары үшін бірінші ауысымда сабақ қашықтан оқыту форматына көшірілді. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметі бойынша ауа райының күрт нашарлауына байланысты Семей-Павлодар тас жолы көліктің барлық түрлері үшін жабылған.

 Павлодарда ауа райы бұзылды

Павлодарда да мектеп оқушылары мен колледждердегі 1-ші, 2-ші курс студенттері бүгін сабақты қашықтан оқытуға көшірілді. Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болды. Болжамға қарағанда аймақта қатты жел тұрып, ақ түтек боран соғады. Қара аралас жаңбыр болуы мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетуі ықтимал. Қазір өңірде барлық бағыттар бойынша Республикалық жолдар жабық.

Нұрбек Байбосынов


Хабарламаларға жазылу