Ағын суды көрші Өзбекстаннан алатын Түркістан облысының шаруалары біртіндеп суды үнемдеудің жолдарын қарастыра бастады. Биыл өңірде 873 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілсе, диқандар мейлінше суды аз қажет ететін өнім түрлеріне көшуде. Себебі жыл өткен сайын көрші елден келетін судың көлемі азайып барады. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Келес ауданында көкөніс өсірумен айналысатын шаруалардың бірі Асқарбай Белқожаев бес гектар жерге шалғам еккен. Қаңтар айында диқаншылығын бастап кетуін ол су тапшылығымен түсіндіреді. Өйткені қыстағы қар мен жаңбырды пайдаланбаса, жазда қуаңшылыққа ұрынып қалуы мүмкін.
Асқарбай Белқожаев шаруа:
Жаздың шілде күндері су вообще азайып кетеді. Суды үнемдеу үшін осыны сепкенбіз енді. Бұл енді қыстыңкүні суды онша қажет етпейді. Жаңағы ылғал алу үшін кленкасын ашып, жауып отырамыз жаңбыр жауғанда, қар жауғанда.
Ал Жаңа қоныс ауылының шаруалары егістікті жаңбырлатып суару әдісіне көшкен. Себебі соңғы 13 жылдан бері Араншы каналынан қажетті көлемде су жетпей, қиналғандарын айтады. Болмаған соң, жаңа технологияны сатып алған. Кеткен шығынның жартысын мемлекет субсидиялапты. Есесіне өткен жылы су жетпейтін жерлерге көкөніс егіп, мол өнім алған.
Құрманғали Тұрымбетов шаруа:
Арықпен суғарсаң, ұрығы ағып кететіні болады. Бір жерін қатты зәктейді, бір жеріне жетпей қалады. Ал, мынау жаңбырлатқанда толық барлық ұрық қай жерге түсті, сол жерге өнеді да. Былай арықпен суғарғаннан сегіз есе аз кетеді.
Шекаралы ауданға Өзбекстаннан жылына 17 млн текше метр су келуі тиіс. Алайда қажеттілік жоғары кезде судың азайып кету проблемасы туындайды. Сондықтан көрші елге барып, келіссөздер жүргізуге тура келеді дейді жергілікті билік өкілдері.
Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:
Өзбекстанның беретін лимиті суды керек емес кезде береді бізге. Жазда нағыз су керек кезде лимиттан қысылады. Сол кезде бізде проблема туындайды. Біз мұндай кезде ауылды кезекке қоямыз суға. Екі күн мына шаруа, екі күн мына шаруа қылып, сондай міселемен шешіп жатырмыз.
Еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар екенін ескерткен Мемлекет басшысы күні кеше Түркістан және Қызылорда облыстарындағы құрғақшылық қаупі аса жоғары екенін атап өткен болатын. Бұл жағдайға қызылордалық күріш шаруашылықтарының өкілдері де алаңдап отыр.
Абай Дәулет, шаруа қожалығының төрағасы:
Енді 100 мың гектарға кезінде егілсе, қазір енді 80 мыңға қысқарайын деп тұр. Осы күріш шаруасында жүрген жігіттердің, компанияларға ол көптеген зиян. Өйткені тыңайтқыштарымыз бар, дизель отыны бар. Айлығымыз бар. Оның бәрін қысқарта алмаймыз ғой. Сондықтанда ең бастысы осы судың мәселесін шешу.
Бұл ретте Президент шаруаларға суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керектігін алға тартты. Ауылшаруашылығы саласына су үнемдейтін технологияны енгізу қажеттігін ескертті. Қалай дегенмен, судың да сұрауы бар.