Бірнеше өңірде боран соғып, жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірнеше өңірде боран соғып, жолдар жабылды

08.02.2024

Еліміздің бірқатар өңірінде ауа-райы құбылып тұр. Қарағанды облысында секундына 15-20 метрге дейін күшті жел соғып, боран салдарынан жолдар жабылды. Қазір республикалық маңыздағы Алматы-Екатерианбург , Солтүстік –Шығыс айналма , Қызылорда-Павлодар бағыттары бойынша және облыстық, аудандық маңызы бар 16 жолда көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс тоқтады. Соңғы тәулікте төтенше жағдайлар қызметі 22 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарған. Жолға шықпақ болған 30 адамды, оның ішінде 1 баланы уақытша қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Ақмола облысында боран мен көктайғақтың кесірінен республикалық және облыстық маңызы бар бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Ақтөбе өңіріндеқарлы боранда жолда қалған 151 адам құтқарылды. Сондай-ақ, бірнеше ауданда 386 адам жылыту бекеттеріне жеткізілген. Ал Батыс Қазақстан облысында да бұрқасын, көктайғақ кесірінен 11 жол учаскесі жабылған. Күшті желдің салдарынан кеше 19 мыңнан астам жеке үй пен 192 әлеуметтік нысанда электр желісі үзілген еді. Бүгін әлі Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарында 3700 абонент жарықсыз отыр. Өңірде кей жерде жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы секундына 20 метрге жеткен.

Мирас Мүлкәй, облыстық энергетика және түкш басқармасының басшысы:

Облыста 20 мың шақырымнан астам электр желілері бар 0,4-тен 110-дыққа дейін. Оның 82%-ның тозығы жеткен. Желдің күшеюі секундына 25 метрге жетті. Жел болмаған күннің өзінде 40-50 өтініш келіп жатады жеке сектордан. Ал мынадай жел болғанда жоғары кернеулі желілердің үзілуіне әкеп соқты. Яғни апаттың нақты себебі - электр желілерінің тозуы.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу