Шахталар мен комбинатты дамытуға 3,5 миллиард доллар бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахталар мен комбинатты дамытуға 3,5 миллиард доллар бөлінеді

07.02.2024

Елімізде өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті. Бұған Қарағанды облысының шахталарында болған апаттар да дәлел. Президент осы мәселеге назар аударып, қалтасын ғана көздейтін инвесторларды сынға алды. Мысалы, Қарағанды комбинаты мен шахталары ұлттық инвесторға берілген. Себебі компания кәсіпорынды кешенді түрде жаңғыртпақ. Бұл мақсатта алдағы бес жылда 3,5 миллиард доллар инвестиция құйылмақ. Ол қаражат шахталар мен металлургиялық комбинаттың жұмысын тоқтатпау және апатты жағдайға жол бермеу үшін кен орындарын дереу қалпына келтіру, өндірістік қауіпсіздікті жақсарту, материалдық-техникалық базаны жаңартуға жұмсалады. Осы орайда жоғары сапалы құрыш құю да қолға алынбақ. Соның арқасында. көлік жасау өнеркәсібі дами түспек. Кәсіпорын алдағы 5 жылда өндіріс қарқынын барынша арттырып, ТМД-да көш бастап тұрған металлургия комбинаттарының қатарына қайта қосылуды көздейді.

Талғат Темірханов, «Qarmet» компаниясының ресми өкілі:

«Qarmet» компаниясы алдыңғы 5 жылда 3,5 миллиард долларға жуық инвестиция тартуға дайын. Сол инвестициялардың ішінен биыл 1,3 миллиард доллар көлемінде инвестиция құйылатын болады. Бұл инвестиция мөлшері біріншіден Теміртаудағы экологиялық ахуалды ретке келтіру үшін және шахтадағы қауіпсіздік деңгейін тиісті стандарттарға дейін көтеруге, сондай-ақ жаңа өнідерді алу жұмыстарына бағытталатын болады.

Хабарламаларға жазылу