Түркістан облысында жылқы ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Топ өкілдері Түркістан және Қызылорда тұрғындары болып шықты.
Олардың Бәйдібек ауданында орналасқан жайылымнан 14 бас жылқыны ұрлап кеткені анықталды. Мал иелеріне 4 млн теңгеден астам шығын келген. Ал олардың Қызылорда облысындағы тағы 2 мал ұрлығына қатысы бар екені белгілі болып отыр. Күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында ұрланған жылқылар мен ГАЗель автокөлігі және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазір мал ұрлығы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айнұр Әбілқасым