«Ұлттық қор – балаларға»: Әр балаға 100,52 доллардан түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлттық қор – балаларға»: Әр балаға 100,52 доллардан түсті

04.02.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор табысының 50 пайызы балаларға аударылады деп 2022 жылғы Жолдауында айтқан болатын.

Сөйтіп «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың алғашқы несібесі осы аптада түсті. 100 доллар 52 центтен аударылды.

Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың бір бөлігі балалардың есепшоттарына жіберіледі деген жаңалық жарияланған кезде, яғни 1,5 жыл бұрын үкіметтегілердің өздері әр балаға 150-160 доллардан шығады деп болжаған.

Осы мөлшерді ойлап жүрген жұрттың сауалын қойған журналистерге Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков сол кездегі есептеулерге сәйкес балалардың саны 6 миллион 400 мың болғанын, ал бүгінгі күні бағдарламаға қатысушы балалардың саны 6 миллион 900 мыңнан асқанын айтты. «Бөлінген қаражат көлемі 695 миллион доллар. Оны 6 919 131 балаға бөлсек, 100 АҚШ доллары 52 центтен шығып тұр», - деген ол.

Түсетін түсім және бала санына қарай нақты болжам жасау мүмкін емес, әрине. Дегенмен халық саны көбейетінін болжау қиын емес.

Вице-министрдің «Осы бағдарламаның тиімділігін 18 жыл түсім түсетін балалар ғана көре алады. 100 доллар алатын баланың ата-анасы «Отбасы банкі» арқылы депозит ашып, соған салып қойса болады немесе бұл ақшаны «Бонус» деген бағдарлама бар, соған да жинақтай алады дегенін айта кетейік.

Балалар жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы.

Сонымен kids.enpf.kz сайтына кіріп, балаңыздың Жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп тексеріп көріңіз. 100 доллар 50 цент жатуы тиіс. «Осы-ақ па?» деп жатқандарға «азсынсаңыз, маған-ақ аудара салыңыз, бәрі бір қадамнан басталады» деп жауап қатқандар бар.


Хабарламаларға жазылу