Қарағандыдағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрып-соққан адамның 5 күннен соң табылғаны туралы хабар бейсенбінің кешінде тарады.
Сақалын қырып тастап, кешірім сұрап отырғанын көрген жұрт көп нәрсе жазды. Ашуланып, кекетіп-мұқатып, сарказмға салып. Екі суретті қатар қойып, көзі қанға толып, қатыгездікпен ұрғанда түрмені ойламағанына, ал ұсталғанда Алланы еске алып, мүсәпірсігеніне «тіпу саған» деп түкіргенді еске түсіретін комментарийлер. «Кешіру керек» деп жатқандар да бар.
Ең «қызығы» осы. Адамды аяусыз ұрып-соғып, мұрнын сындырады, былапыт сөз айтып қорлайды, таяқ жеген азаматтың жедел жәрдем көрсетуге келіп тұрған бригаданың мүшесі екенін қосыңыз, бірақ оны кешіру керек. Неге? Таяқ жеген адам тірі қалса болды ма?
Жалпы, осы оқиға көп ойға жетелейді. Бірден айтайық, ұстайтын діні сырт пошымынан анық байқалып тұратын адамдар қылмыс көп істейді деген бәтуә емес. Мәселе мынада. Іздеу салғанда тараған фотосын көрген жұрт «Туһ, дін атын жамылған, шын мәнінде имансыздардың бетпердесін сыпыратын уақыт туа ма екен?!» деп кезекті рет ренжіген.
Иә, құдайға құлшылық - адамның жеке басының шаруасы. Алайда ол ұстайтын ағыммен жүрмейтіндерді дұшпан санау, бүкіл тіршілікке санасына сызып алған әлемінің ракурсынан қарау, айналасына айбат шегіп жүру - қауіпті құбылыс. Бір мемлекетте, бір қоғамда өмір сүріп отырғандықтан ойлантады.
Ата-бабаларымыз Ислам дінін таңдады. Асыл дініміз деп біз де қадірлейміз. Жүрегімізді мейірімге бөлейтін ғажап күшін сеземіз.Бірақ біз Ислам деп алып, барлық дүниеге радикалды пайыммен қарайтын және имансыз әрекеттер істейтін адамдарға үндемей отыра алмаймыз. Керісінше, дінімізді қорлау сияқты көрінеді. Біздің дін көркем мінезге үндемей ме?!
Сонымен бірге ұлттық идентификациямыздан айырылғымыз келмейді. Ең маңызды нәрсе - ілім-біліммен сусындау қай кезде де өзекті, ал қазір өте өзекті. Өркениеттің өзегі – ғылым. Жаңа дүние ойлап табу. Өнертабыс. Көш ілгері кеткендерден қай жеріміз кем? «Біз де соны істей аламыз!» дейтін жолға түсудің амалынан шаршамауымыз керек.
Әрине, әңгіме бес уақыт намаз оқып, ішімдік пен басқа да зиян әдеттерден қашық жүретін, қайырымды істен әсте шаршамайтын, сабыры мен ақылы қатар өрілген, тақиясы мен ақ-қызыл орамалы жарасқан, жаңа айтқандай мінезі көркем адамдар туралы емес.
Әңгіме Илон Маск хабарлаған миға чип орнатылғаны туралы жаңалықты түсінбейтін, «ол не бәле?» деп шығатын, «ақырзаман деген сол» деп комментарий беретін тағысын тағы, бір сөзбен айтқанда,бүлдіріп не қиратып алып, «Алла разылығы үшін кешіріңіздер» деп монтанси қалатындар жайлы. «Діни сауатты мектептен бастау керек», - дейді профессор Айгүл Ісмақова. Амангелді Сейітханның материалы.
Бұл оқиға 2 мәселені көрсетті. Біріншісі - жедел-жәрдем қызметкерлерінің жағдайы. Өйткені соңғы кезде дәрігерлерге кедергі келтіретіндер көбейген. Бұған дейін Талғар, Шымкент, Петропавлда болған.
Апта басында Жедел-жәрдем қызметкерлерін қорғауды талап еткен петиция басталса, сенаторлар денсаулық сақтау қызметкерлерінің мәртебесін әскер және полициямен теңестіруді ұсынды. Ол заңмен реттелер. Ал, күрмеуі қиын мәселе - қызметкерді кімнің ұрғаны.
Ермек Келемсейіт, Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Былай қарасаң, иманжүзді адам. Соған қарағанда, «қой терісін жамылған қасқыр ма» деп ойлайсың.
Бұлай деуге себеп - адамды аяусыз сабағанда сақалы болған жігіттің кейін оны қырып тастағаны. Одан бөлек, полиция департаменті оның алыс қыстақтан ұсталғанын хабарласа, өзі «еркіммен берілдім» деп, кешірім сұрады.
«Алла үшін кешір» деуінің өзі дінді дұрыс түсінбегені»,-дегендер болды. Ал, жедел-жәрдем қызметкері кешірді. Бірақ күдікті 2 айға қамалды. 3 жылға сотталуы мүмкін. Дінтанушылар болса жағдайға радикалды ағымның әсерін зерттеу керек дейді.
Роман Бұрқаш, теолог:
Қазір адамдар таң қалады. Дін ұстанып жүрсе де, бүйтеді екен, сүйтеді екен деп. Бұл, меніңше, таң қалатын нәрсе емес. Себебі бұл күндердің күні болуы керек жағдай. Басқа жақта да болып жатқан шығар, бірақ таспаға түспей жатқаны қаншама.
Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:
Иә, дұрыс, діни еркіндік, діни сенім бостандығы деген әркімнің құндылығы. Бірақ ол ағымдардан радикализм туып жатқанын білеміз. Әйелін еркек дәрігерге көрсетпейміз деген, болмаса еркек дәрігерді ұрып кету жағдайлары болды ғой. Немесе бір әйелге дем салды деп имамды пышақтап кету деген сияқты.
Одан бөлек, екпеге қарсы шығу, домбыраны харам санау, дәстүрді жоққа шығару сынды мысалдар жетеді. Оған не себеп?
Исатай Бердалиев, Ислам құқық ғылымдарының PHD докторы:
Олардың ең басты ұраны - ұлтты жоққа шығару. Бұл азаматтардан ұлтты сұраған кезде тек мен мұсылманмын деп жауап береді.
Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:
Олар 3 нәрсені харам дейді. Біреуі – музыка, біреуі – философия, біреуі – логика. Сосын дінде айтылған дүниелерді біз көбінесе ақылмен түсінеміз. Олар тікелей қабылдайды.
Исатай Бердалиев, Ислам құқық ғылымдарының PHD докторы:
Шариғаттың қасиетті сөздерін көп қолдану арқылы өздерін жоғары санайды. Субханналла, Машалла, Әлхамдуллила деген сияқты. Қоғамның сеніміне кіргеннен кейін ойларына келгенін жүзеге асырып жатады.
Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:
Басқаларды дінсіз кәпір деп есептегеннен кейін оларға бар нәрсе рұқсат деп есептеледі. Өтірік айтуға, алдай салуға, жеп кетуге, тіпті керек болса, біреудің ақшасын алып, қарызын қайтармай кетуге, неге десеңіз олардың түсінігі бойынша кәпірді алдасаң - сауап. Болмаса жетім-жесірлерді көбейту, машинаның ішінде некесін қиып алып, 2-3 баладан кейін талақ қылып телефонмен тастап кету.
Соңғы кезде хиджаптағы келіншектер мен иекте сақалы, аузында Алласы бар адамдардың агрессивті сәттері әлеуметтік желіде көбейіп кетті. Олардың агрессивті болуына не себеп?
Руслан Ибраев, дін әлеуметтанушысы:
Дін әлеуметтануында тоталитарлық діни топ деген түсінік бар. Сол діни топтың жетекшілері өздерінің арам пиғылдарын, экстремистік, террорлық пиғылдарын қолдану үшін осы агрессияны топтың ішіне енгізеді деп айтуға болады. Өйткені агрессивті түрде көңіл-күйі бар адамдарды бағындыру оңай. Мұндай арнайы оқулықтар бар. Шамамен 170-180 құрал ұсынылған.
Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:
Мамандар әлеуметтік жағдайының төмен болуы деген сияқты көптеген фактор айтады. Бірақ жалпы алған кезде діндар агрессиясының бәрін жеңуі керек. Жүрегіне иман орнағаннан кейін дінді түсінбейтін адамдарға да түсіністікпен қарау керек.
Роман Бұрқаш, теолог:
Менікі ғана дұрыс, Құдай менікін ғана қабыл қылады деген түсінікте жүрген адам мейлі табиғатынан жуас болсын, ішінде аз болсын, көп болсын агрессия болады. Өйткені ондай адам айналасына мүсіркей қарайды.
Руслан Ибраев, дін әлеуметтанушысы:
Бүгінгі Таяу Шығыста болып жатқан күрделі геосаяси жағдайлардың барлығы, оның ішіндегі діни топтардың қақтығысы Қазақстанның мұсылмандарына да әсер етіп отыр. Осы идеяларды таратқан топтарға еріп кетіп жатыр.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
Осының бәрі білімсіздіктің, біліксіздіктің кесірі. Дінімізді не істеп жүр мына жастар?! Жап-жас қыз жаман ырым бастап, қара орамал жамылып, көздерін жауып, пәрәнжа кию деген қайдан шыққан? Бұларда сауат жоқ. Сол сауатсыздықтарын пайдаланып, ата-анаға қарсы айдап жатыр.
Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Біздің мектеп бағдарламаларындағы оқулықтарда, ешбір жерде осы қазақ мемлекеті тұрған жерде қандай дін болды, қазақ діні атам заманнан неге Ислам діні болды деген жауап жоқ. Балалар білмейді не екенін. Ал қазір TikTok-ты ашсаңыздар, сіз сыни ойлап үлгермейтін ақпарат беріледі. Не болса сол.
Роман Бұрқаш, теолог:
2000 жылдары діни уағыздарды көп тыңдадық. Әуесқой уағызшылардан тыңдап жүрдік. Бара-бара іштегі сұрақтар көбейген кезде мен ойладым, мұны бір академиялық деңгейде нақты мамандарынан оқиын осы дінді деп, 2011 жылы кансерваторияны оқып жүрген кезімде музыканы тастап, діни оқуға түскем. Бірақ, өкінішке қарай, мен оқыған діни оқу орындарында сұрақтарға жауап ала алмадым.
Роман Бұрқаш «Нұр-Мүбәрәкта» оқыған. Бірақ сол кезде ол жерде діннің сыртқы формасы көп үйретілетін. Оқу біткенде амалдарды жетік білсем де, кеудем қуыс сияқты күй кештім дейді. Кейін білім іздеп Түркия мен Мысырға барған. Бірақ ол жақтан да жауап таппаған.
Роман Бұрқаш, теолог:
Көңілім қалған қатты таң қалған жерім, Түркияда жүргенде мынадай нәрсе оқығанбыз. Мына жеріңді 4 рет бүйтесің, мына жеріңді 5 рет сүйтесің деген сияқты. Соңғы оқыған 8 жылымда рухани сұрақтарға жауап тапқаннан гөрі қарама-қайшылыққа толы мәселелердің арасына түсіп кеттім. Кейіннен барып философияны, логотерапия дейді, экзистенцализм, мына көркем әдебиет басқа неше түрлі гуманитарлық салаларды қарап, белгілі болды.
Яғни, ол ұзақ ізденген. Әлі де ізденісте. Ал оң-солын танымаған қанша жастың радикалды ағымдарға еріп кетіп жатқаны белгісіз.
Руслан Ибраев, дін әлеуметтанушысы:
Біздің Қазақстанда әзірге дін әлеуметтануы мамандығы жоқ. Енді ғана ашылады деген бастамалар бар. Тоталитарлық діни топтар оларды қалай жұмыс істейді. Қандай құралдар қолданады барлығы осы әлеуметтанудың функциясы.
Оразәлі Сәбден, экономика ғылымдарының докторы, академик:
Мен бір-ақ мысал айтайын. Кейінгі дін туралы заңды қабылдағанда Лама Шариф комитеттің төрағасы еді. Сол уақытта айтты. Әртүрлі секталар болып кетті деді дінде. Сұмдық қой. Ал, енді мына вахабистер, салафиттер олар 200-300 деп кіріп жатыр.
Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:
Әзірге қылмысқа аяқ баспайынша ол ағымдар қоғамда еркін таралып жатыр. Қай кезде Қылмыстық кодекс бойынша қылмысқа қадам басады, сол кезде ғана теріс ағым өкілі ретінде жазасын өтейді. Сондықтан, ондай азаматтарға мемлекет болсын, қоғам тарапынан болсын қатаң бақылау белгілі бір статустар айқандау керек деп ойлаймын.
Дархан Әбдік, журналист:
Дінмен әкімшілік жолмен күресу дұрыс емес. Одан дін тек қана күшейе түседі. Дінмен күресудің жалғыз жолы білімнің сапасын арттыру. Бір жаман нәрсе бар, псевдоинтеллектиуализм деген. Адамдар бір мәселені талқылағысы келеді де, сол қоғамның ішінде жалған интеллектуалдар қалыптасады.
Роман Бұрқаш, теолог:
Мысалы, бұрын әлеуметтік желілерде жаңалық шықты. Қыранға чип салып қойыпты, қайда ұшқанын бақылап отырыпты картадан. Сөйтсе мына Қазақстанға келіп-кетіп жүрген қыран бір қарасақ Меккеге барып келіпті. Демек қыранның өздері қажылық жасайды екен деген нәрсе шығарды. Кейіннен белгілі болды чип салмаған екен, ол картаның бәрі өтірік екені жария болды ғой.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Чип демекші, апта бойы мен дін туралы сюжет жасап жүргенде, әлем Илон Масктың жаңалығын талқылап жатты. Оның компаниясы адам миына чип енгізген. Ол телефонды оймен басқаруға мүмкіндік береді. Мақсат – қол-аяғы жансыз немесе есту, көру қабілеті нашар адамдарға көмектесу. Соны көріп, санасы уланған жастарға көмектесетін «Илонның чипі» сияқты жүрекке салатын «Иманның чипі» болса дейсің. Бірақ иман деген чипке сыймайтын білім сияқты.
Аманкелді Сейтхан