Ақпан айы Түркістан облысында қарлы боранмен басталды. Кешеден бері толассыз жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде бір метрге дейін жетіп, көліктер жүре алмай қалған.
Төтенше жағдай қызметкерлері мен тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, жолда қалғандарды құтқарып жатыр. Бір тәулікте жолда қалған 167 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. Түлкібас ауданында ауыл тұрғындары мен әкімдік қызметкерлері жолда қалған жолаушыларға тамақ таратты. Ауыр жүк көліктерінің қозғалуына көмек көрсетілді. Халықаралық маңызы бар 2 жол мен облыстық маңыздағы 18 жол жабық. Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарында бұрқасын болып, аяз күшейді.
Талғат Досалиев, Түркістан облыстық ТЖД басқарма бастығы:
Қазіргі таңда бір республикалық, сегіз облыстық маңызы бар жолдар жабық. Қызылорда бағытына қарай жол ашылды. Он облыстық маңызы бар жолдар ашылды. Алдағы уақытта облыс аумағында қатты жел, аяз күтілуде.