«Барлық елдімекен жер сілкінісіне қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын болуы керек». Алматыға жұмыс сапары аясында сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мегаполисте екі күн бұрын болған төтенше жағдай кезінде жауапты органдар шұғыл әрекет ете алмағанын сынады. Халықты да осындай оқиғаларға арнайы оқу-жаттығулар арқылы дайындау қажеттігін тапсырды. Мемлекет басшысы қаланың жаңа ахуалдық орталығын аралап, әкімдіктің көлік жүйесін дамытуға қатысты жоспарларымен танысты. Данияр Қайыртай толықтырады.
Данияр Қайыртай, тілші:
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әкімдігінің біз тұрған осы ғимараты түгелдей дерлік зақымдалып, қаңқасы ғана қалған еді. Құрылысшылар ғимараттың тарихи кейпін қалпына келтіре отырып, жөндеуге екі жылға жуық уақыт жұмсаған. Заманға сай технологиялық талаптар да ескерілген. Әсіресе, сейсмикалық қауіпсіздігіне көп көңіл бөлініпті. Бұл мәселе Алматы үшін аса өзекті. Бүгін де Мемлекет басшысы осында қаланың жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздігі жөнінде жиын өткізіп, екі күн бұрын болған төтенше жағдай кезінде жауапты органдар шұғыл әрекет ете алмағанын сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес.
Данияр Қайыртай, тілші:
Мемлекет басшысы инфрақұрылымның халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге де назар аударды. Алматыдағы күні кеше болған жер сілкінісінде дүрбелең тудырмау үшін дабыл қосылмағаны дұрыс шешім болғанын айтты. Алайда халықты басқа байланыс құралдары арқылы хабардар ету қажет еді деді. Тіпті, бұл жолы SMS-хабарламалар да тым кеш келгенін сынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет.
Данияр Қайыртай, тілші:
Бұл Алматыдағы төтенше жағдайға ғана қатысты емес. Ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар. Сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу тіркеген. Оның көбі, әрине, төмен балдық жер сілкінісі. Президент сейсмикалық мониторинг желісінің жарақтандыру деңгейі төмен, құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісі нашар деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сейсмикалық бақылауды Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығына қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды.
Данияр Қайыртай, тілші:
«Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс. Осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқылықтарды түзету қажет», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрі құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін таппай отырғанын айтты. Сөз арасында, Төтенше жағдайлар министрінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіп, қажет болса ғылыми-оқытушылық қызметіне қайтаратанын ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үйдің, ғимараттың құрылысын дұрыс жоспарлап, оның сапасына ерекше мән беру керек.
Данияр Қайыртай, тілші:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сейсмология саласын дамытудың алдағы 4 жылға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатқан Үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Сосын қысқа мерзім ішінде жер сілкінісін болжау үшін заманауи технологияларды қолдануға қатысты оңтайлы шешім шығаруды міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азаматтар алғашқы дүмпуге дейін бірнеше секунд бұрын Google сервисі ескерту жасағанын айтып жатыр. Біздің жүйелер бұлай істей алмады. Біз елімізде «смарт-қалалар» құруға ниеттіміз. Оларды басқару жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктерге негізделуі керек. Сондықтан әлем бойынша тиімділігі дәлелденген инновациялық шешімдерді қолданысқа белсенді түрде енгізу қажет.
Данияр Қайыртай, тілші:
Алматыдан бөлек, еліміздің басқа да аймақтары жер сілкінісі кезінде қажет инфрақұрылымды қамтамасыз етуге тиіс деді Президент. Сосын апат болған жағдайда басқа аймақтардан құтқару қызметін жедел жеткізуді ойластыруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұрғындар жиналатын және олар уақытша паналайтын арнайы орындарды тексеру керек. Сондай-ақ азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге жедел жәрдем беру, көшпелі емдеу орындарын ашу жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет.
Президент ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты
Данияр Қайыртай, тілші:
Осы жиыннан соң Мемлекет басшысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты ақпарат беретін Ахуалдық орталықты аралап көрді. Мұнда мегаполистің барлық саласын қамтитын 53 модуль бар. Деректер 50-ден астам ұйымнан, мемлекеттік және қалалық ақпараттық жүйелерден жиналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жасанды интеллект азаматтардың, атап айтқанда, Алматы тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қызмет етуге тиіс. Сондықтан мен сіздердің жасанды интеллект құралдарын енгізу жоспарыңызды қолдаймын. Бұл бір. Екіншіден, қаладағы көлік жағдайына ерекше назар аудару керек. Мұны анық байқауға болады. Бұл – өте өзекті мәселе.
Данияр Қайыртай, тілші:
Мемлекет басшысы мегаполистің көлік жүйесін дамыту мәселесімен де танысты. Әкімдіктің мәліметінше, алдағы 2 жылда қоғамдық көліктің барлық коммуналдық автопаркін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар 11 жылда алғаш рет троллейбус паркін жаңарту қолға алыныпты.
Қалада жол құрылысының да қарқыны артып келеді. Алматыда былтыр 70 көшеге 25 шақырым жаңа жол салынса, биыл 136 көшеге жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын жол төсеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ өткен жылы 200 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 250 шақырымға дейін ұлғайтылмақ.
Данияр Қайыртай, тілші:
Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың көлік жүйесін дамыту жөніндегі жобаларды қолдайтынын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл жобалардың іске асырылуы Алматының инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізіп, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Данияр Қайыртай