Президент энергетика саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент энергетика саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді

26.05.2021

Баламалы энергия көздерінен өндірілетін қуат көлемін 2030 жылға қарай 15 пайызға жеткізу керек. Энергетика саласын дамыту жөнінде кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. Қуат өндіретін кәсіпорындарға ауқымды аудит жүргізу қажеттігін айтты. Өйткені 40 жылдан астам жұмыс істеген стансалардың тозығы жеткен. Технологиялық ақаулар артып барады. Ал еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты деді Мемлекет басшысы.

Қазір энергияны тұтыну көлемі жылдан жылға артып келеді. Бірақ жаңа қуат көздері жетіспейді. Мәселені шұғыл шешу үшін жауапты министрлер мен компания басшыларын жинап, жиын өткізген Президент саланы жаңғырту керек деді. Өйткені түйіткілді мәселе көп. Жоғары вольтті желілер тозған, стансалардың жартысы әбден ескірген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл электр станцияларындағы технологиялық заң бұзушылықтардың артуына әкеп соқтырады. 2019 жылы – 4010, 2020 жылы – 4458 заң бұзушылық тіркеліп, оның өсім деңгейі 11 пайызға артқан. Энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізу қажеттігі туындап отыр. Біз энергия қуатын беретін станциялардың қай жерде және қашан іске қосылатынын немесе істен шығатынын, сондай-ақ, олардың жөнделетін, жаңғыртылатын уақытын анық білуіміз керек.

Алматының жылу электр стансасын газға көшіру мәселесі де созбалаңға салынып кетті. Президент істі шапшаңдату керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
 Бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Алматы қаласының экологиясы және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы аталған проблеманың шешілуіне байланысты. Сондықтан Үкіметке, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына әкімдікпен бірлесіп, екінші ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қатысты мәселені түбегейлі нақтылауды және оны жуық арада іске асыруды тапсырамын. Мұны одан әрі соза беруге болмайды.

Қазір жасыл энергетиканы дамытуға нақты бағыт алдық. Оның көлемі жалпы өндірілген энергияның 3 пайызына тең. Енді бұл көрсеткішті арттыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді міндеттеймін. Өйткені Қазақстан қуат көздері бойынша бай ел болғандықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші орнын сақтап қалуы тиіс.

Мемлекет басшысы халықты жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ынталандыру қажет дейді. Ол үшін «ақылды» қалаларды дамыту аясында күн панельдері мен шағын станцияларды пайдаланудың пилоттық жобаларын жүзеге асыруды ұсынды. Әрі асығыстық танытып, атом энергетикасынан бас тарту дұрыс емес дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды.

 Кадр тапшылығы да өзекті мәселе. Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны бар. Бірақ электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы жетіспейді. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50 жаста. Оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соның салдарынан 2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4 пайыздан 15 пайызға дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек. Әйтпесе, бірнеше жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі. Үкіметке осы саладағы кәсіби мамандардың әлеуетін және бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу деңгейін қалыптастыру үшін шаралар қабылдауды тапсырамын.

Энергетиканың экономикадғы рөлі зор. Сол үшін саланы дамытуға халықаралық инвесторларды тарту маңызды. Қазір Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Еуропаның басқа да мемлекеттерінің инвесторларымен келіссөздер жүріп жатыр.

Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияның жол бермей, кәсіпкерлер арасындағы бәсекені арттыруы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұрақты жабдықтау, тарифтердің қолжетімділігі – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты компоненттері. Сондықтан электр энергиясының құнын әділетті нарық құнына негіздеу маңызды болып отыр. Бүгінде электр қуатының көтерме нарығында үш-ақ компания озық тұр. Олар нарықтың 70 пайызын қамтиды. Мұны соншалықты дұрыс деуге келмейді. Электр қуатының көтерме саудасындағы екіжақты шарттар жаңа компанияларға кедергі келтіріп, электрмен қамту нарығында бәсекенің дамуына тосқауыл болып отыр. Бұл тұтынушылар үшін бағаның қымбаттауына алып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа энергетика жөніндегі құзырет орталығын ашуды да ұсынамын деді. Онда энергетика саласындағы жоғары технологиялық инновацияларды пайдалану тәжірибесі сынақтан өтпек. Өйткені халық санының артуы, экономиканың өсімі қосымша қуатты талап етеді. Сол үшін президент электр компанияларының жұмысын реттеуді, желілерді кезең-кезеңімен жаңартуды тапсырды. Жауаптылар бұл істі қатаң бақылауда ұстауы керек деді Мемлекет басшысы.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу