Маңғыстауда бір топ жасөспірім мүгедектігі бар жеткіншекті ұрып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда бір топ жасөспірім мүгедектігі бар жеткіншекті ұрып кеткен

25.01.2024

Маңғыстауда бір топ жасөспірім мүгедектігі бар жеткіншекті сабап, оқиға орнынан тайып тұрған. Салдарынан 14 жасар бала ауруханаға түсті.

Келеңсіз жайт Құрық ауылында болған. Көшеде досымен бірге келе жатқан Мейрамбек Рақымбердіге кенеттен 10-нан астам бала жабылып, ұрып есінен тандырып кеткен. Ал жолдасын пышақпен қорқытқан. Мейрамбектің анасы Әсем Рақымбердиева болған жайтты баласы есін жиып, үйіне келгенде бір-ақ біледі. Оның айтуынша, бұзақылар ұлын осымен екінші рет сабап отыр. Сәуір айында да өлімші етіп ұрған. Сол кезде жеткіншек 5 күн комада жатып, аман қалыпты. Алайда, басынан алған ауыр соққадан эпилепсия ауруына шалдығып, мүгедек болып қалған. Ал сол оқиғадан кейін 9 ай өтсе де, кінәлілер әлі жазаланбаған.

Әсем Рақымбердиева, М.Рақымбердінің анасы:

Бұрмалау болды. Істі жасыруға тырысты. Бала индвалид алғаннан кейін содан кейін істі қайтадан ашып, қорыққаннан көтеріп жіберіп сотқа жіберді. Алдыңғы балалармен тікелей байланысты деп ойлаймын. Себебі, менің баламды тек  басынан тебе берген.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Кінәлілер анықталған. Олар Құрық ауылының 14-15 жастағы жасөспірімдер. Ал бұған дейінгі оқиға бойынша қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданған.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу