Абай облысы, Аягөз қаласында соңғы жылдары салынып, әлеуметтің әлжуаз топтарына тапсырылған үйлер сапасыз болып шықты. 2019 жылдан бастап тұрғындарға бір қабатты 161 баспана берілген. Алайда олар ешқандай құрылыс талаптарына сай келмейді, - дейді жұртшылық. Мемлекеттік бағдарлама арқылы алған жалдамалы пәтерлері тұруға жарамсыз екендігін айтып, талай табалдырықты тоздырған.
Ержан Жақып, тілші:
Сапасыз салынған үйлердің көпшілігінде қазір жағдай осындай. Қабырғалары мынандай болып жарылып кеткен. Тіпті қол сияды. Үйлердің бөлмелеріне салынған төсеніштер қырып жамау. Ал оның астындағы цемент еден опырылып төмен түсіп кеткен.
Сыртын әдемі етіп қалқитып қойған бұл үйлер кез-келген уақытта құлауы мүмкін деп қауіптенеді көпшілік. Баспанаға бас сұққалы бойымыз жылыған емес дейді. Қай үйге кірсеңіз де, шағым айтып шырылдаған жұрт.
Нұрлан Елтай тұратын үйдің қабырғасы сыз тартып көгеріп кеткен. Терезе үнемі терлеп тұрады. Еден суық, төбеден жел ұйытқиды.
Нұрлан Елтай, тұрғын:
Күн суытса болды мынандай не болып кетеді ғой. Көгерген-көгерген. Былайынан көгереді ғой. Балдыр сияқты. Мынаны енді құрылысшылар емес, жынды адам біледі ғой. Сыртқы кірпіш бар ғой облицованный, сонымен екі ортаға пенаплекс салынбаған.
Ал жалғызбасты ана Эльвира Әсенованың үйінде басқасын айтпағанда электр жүйесінің өзі дұрыс құрылмаған. Бірнеше рет өрт шыға жаздапты.
Эльвира Әсенова, жалғызбасты ана:
Сапасы нашар. Мен үш жыл болды келгелі. Бір жыл светсіз отырдым. Екі комнатаның светы жоқ болды. Үлкен студент қызымның қолын соқты. Бес жастағы баламды тоқ соқты.
Әлия Омарбекова, көпбалалы ана:
Біздің үй «аварийное состояниеде» тұр деп айта аламын. Бізде 58 ата-ананың арыз шағымдары бар. Бәрі осындай жағдайда үйлері.
Аталған үйлерді жеке кәсіпкерлер салған. Ал әкімшілік дайын күйінде алған. Олардың айтуынша, бюджет қаржысы баспаналарды сатып алуға ғана бөлінген. Ал сапасын тексеруге қаржы қарастырылмағандықтан ешқандай құрылыс сараптамасы жүргізілмеген. Енді кеткен кемшілікті біртіндеп қалыпқа келтіреміз, деп уәде беріп отыр әкімшілік.
Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:
188 миллион теңге смета жасалып өткізіліп отыр. Бұл алғашқы үйлерге ремонт жұмыстарын жүргізуге. Енді тұрғындармен келіскенбіз. Осылай бір ағымдағы жөндеу жүргізіп береміз.
Биылдан бастап мұндай жалдамалы баспаналарды иелері жекеменшікке алу құқығына ие болады. Алайда, сапасы сын көтермейтін пәтерлерді тұрғындар қыруар қаржы жұмсап қалай сатып аламыз, деп бас қатырып отыр.