Ақтауда екі сәбидің уланып көз жұмуына себеп болған әйел сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда екі сәбидің уланып көз жұмуына себеп болған әйел сотталды

18.01.2024

Ақтауда қандаланы улаймын, деп 2 сәбидің өліміне себепші болған әйел 5 жылға сотталды. Бұған дейін үй қамақта болған 48 жастағы азаматша сот отырысында қамауға алынды. Қайғылы оқиға осыдан 3 ай бұрын болған. Пәтер иесі зиянкесті улау үшін белгісіз препараттың 39 таблеткасын қолданған. Соның салдарынан көрші үйге аммиак таралған болып шықты. Әйел қандалаға қарсы у сепкені жайлы ешкімге ескертпеген. Соның салдарынан көрші пәтердегі бүкіл бір отбасы уланып қалған. Оқиға орнында 2 жарым жасар бала мен 10 айлық сәби шетінеді.

Ақмарал Хасенова, Ақтау қалалық сотының судьясы:

Нұрсейітова Жанат Шынжырбаевна Қылмыстық кодекстің 304-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Нұрсейітова жазасын Қылмыстық Кодекстің 46-бабы, 5-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу белгіленсін.

Осы оқиғадан кейін 5 күн өткенде Ақтауда улану дерегі тағы тіркелді. Онда да көршінің салғырттығынан бір отбасының 5 адамы уланып, ауруханаға түсті. Бәрі аман. Ал, бұдан бірнеше жыл бұрын пәтерін улаймын деп тағы бір бүлдіршіннің өліміне себепкер болған тұрғын 2 жылға сотталған еді. Мұнайлы ауданында да екі адамның өліміне кінәлі дезинфекция мекемесінің маманы 5 жылға сотталды.


Хабарламаларға жазылу