Шымкентте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оқушыларды сабаққа арнайы киім алып келмегені үшін ұрған. Мұны ұстазынан бірнеше рет таяқ жеген шәкірттердің бірі телефонға түсіріп алған. Ата-аналардың айтуынша, мұғалім бұған дейін де, ұл балаларды бірнеше рет оңашада ұрған көрінеді.
Рита Аралбайқызы, ата-ана:
Директорға айтқан болатынмын осындай жағдай қайталанып жатыр. Қалай хабарыңыз жоқ деп. Сол кезде ескерту беремін, қайталанбайды деген болатын. Міне ескертудің нәтижесі осындай болып тұр.
Пән мұғалімінің бұған дейін де, еңбек заңдылығына байланысты сөгіс алғаны белгілі болды. Осы оқиғаға байланысты мектеп директорына сөгіс жарияланды. Ал мұғалімді бұнан да қатал жаза күтіп тұр.
Ербол Жолтаев, мектеп директоры:
Оқушылардың барлығы осында жиналып отыр. Ата-аналар келеді. Бәрін жинақтап, құжаттандырып, қолымызда факт бәрі бар. Ата-аналардың арызы бойынша жұмыстан шығаруға әрекет жасаймыз.
Ғани Қалмаханов