Дания Королі Фредерик X таққа отырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дания Королі Фредерик X таққа отырды

15.01.2024

Дания патшайымы Маргрете II-ші тұңғышы Фредерик ханзаданы елдің Королі деп жариялады. Патшайым ең ұзақ билік етті, ол Данияны 52 жыл басқарды. Ол тарихта тақтан өз еркімен қош айтысқан алғашқы даниялық монарх болып отыр. Дания Королі Фредерик X-шыны құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, жеделхат жолдады. Қазақстан мен Дания арасындағы ынтымақтастықты дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін Маргрете ІІ-шіге ризашылығын білдірді. Ондаған мың адам жиналған жаңа монархтың таққа отыруы атап өту Дания астанасы Копенгагенге жиналды. Тілшіміз тарқатады.

Копенгагенде патша сарайы алдындағы алаңға жиналған 100 мыңдай адам тарихи сәтке куә болды. Тақ мұрагері Фредерик Оныншы патша атанды.

Патшайым Маргрете Екінші тақты өзінің тұңғыш ұлына жексенбіде тапсырды. 83 жастағы Маргрете Екінші — Дания тарихында тақта ең ұзақ отырған монарх, ол 52 жыл бойы билік еткен. Патшайым лауазымнан бас тартатынын жаңажылдық үндеуінде мәлімдеген еді. Жаңа монархқа тәж кигізу рәсімі болмайды. Салтанатты шара Данияда 1660 жылдан бері өткізілмейді. Фредериктің король атанғанын премьер-министр Метте Фредериксен патшалық сарай балконынан жариялады. Осыдан кейін король халық алдында алғаш рет сөз сөйлеп, "біріктіруші патша болатыныма үміттенем"- деп мәлімдеді.

Фредерик Х, Дания королі:

Бұл тапсырманы мен мақтанышпен, құрметпен және қуанышпен қабылдаймын. Оны атқару үшін және маған артылған сенімді ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын.

Халықтың қошеметіне бөленген монарх көзіне жас алды.

Клаус Петерсон, Дания тұрғыны:

Іс-шара тамаша өтті. Ол патша міндетін қалай атқарады екен? Бұл - Дания халқы үшін ірі өзгеріс. Бұған дейін бізде патшайым болған.

Дания патшасы Фредерик Х флот адмиралы және елдің құрлық және әуе күштерінің төрт жұлдызды генералы атағын алды. Данияның қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, жаңа монархтың үлкен әскери тәжірибесі бар. Ал, Фредерик Оныншы мен оның жұбайы патшайым Мэридің үлкен ұлы 18 жастағы Кристиан тақ мұрагері атанды.

Хабарламаларға жазылу