Қарағанды облысының Теміртау қаласы мен бірнеше ауылында жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жарияланады. Қазір сол өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы бізбен байланысқа шығады. Руслан, жағдайды баяндап өтсеңіз?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
11 қаңтарда Теміртауда қатты боран мен желдің салдарынан кейбір тұрғындар байланыссыз қалды. Көптеген қала тұрғындары үйлерінде жарық, судан айырылды. Қаладағы нөмірі 16-шы мектептің шатыры ұшып кетті. Оны жөндеуге қаражат қажет. Дәл осы мектепке байланысты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 33-бабы 1-тармағына сәйкес жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланады. Жалпы, қаладағы электр желілері мен құбырлардың көбі ескірген. Күшті дауыл, аяз көтерілген кездері жиі ақау шығып, қала тұрғындарының берекесін алады. Сондай-ақ өңірде Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылдық округі және Ақшатау кентінің аумағында төтенше жағдай жарияланады. Бұл елдімекендерде де білім нысындарының шатыры зақымданған.
Руслан Нұрланұлы