Қарағанды қаласында 500-ден астам ірілі-ұсақты қоғамдық тамақтану орны бар. Басым бөлігі көпқабатты үйлердің астында орналасқан. Орал қаласындағы дәмхананың бірінде жарылыс болып, 3 адам қаза тапқаннан кейін көпшілік орындарда қауіпсіздік мәселесі қайта тексеріле бастады. Алайда шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий алынып тасталса да, жауапты мамандардың қолы байлаулы. Бұған не себеп? Толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.
Қаладағы 300-ден астамы көпқабатты үйдің астында дәмханалар мен кафе, мейрамханалар орналасқан. Олардың көбі газ қолданады.Алайда оларды ТЖ мамандарының тікелей тексеруге құзыреті жоқ. Оны тұрғын үй инспекция өкілдері бақылайды. Қысқасы, газ мәселесін тұрғын үй инспекциясына, ал өрт қауіпсіздігін ТЖ-ға теңдей бөліп берген. Қазір шағын және орта бизнеске қатысты мороторий алынса да, тұрғындардан шағым түспесе ешкім де барып газбен өрт қауіпсіздігін тексере алмайды.
Темірлан Әбілқасымов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Егер үй екі қабаттан асса онда газ балондарды пайдалануға болмайды. Оны ескермегендер үшін айыппұл көлемі жеке тұлғаларға 7 ал шағын кәсіп өкіліне 10, орта кәсіп өкілдеріне 15, ірі кәсіп өкілдеріне 20 АЕК көлемінде болады. Айыппұл салу үшін тұрғындар көпқабатты үй немесе оған жапсарлас салынған нысандарға газ балондарды кіргізіп жатқан кезде суретке түсіріп алып, бізге жіберуі керек.
Алайда мұндай бұлтартпасыз айғақтар үнемі қолға түсе бермейді. Тұрғындар тарапынан белсенділік төмен. Сұрауы болмаған соң, кәсіпкерлер қауіпсіздікке немқұрайлы қарайды.
Әлішер Аманбеков, ТЖБ аға инженері:
Әрқашан әр объектіде жарамды өрт сөндіру құралдарымен автоматты өрт дабылы құрылғылары қамтылуы керек. Одан басқа әр шара сайын егер оған 50-ден астам адам болса міндетті түрде эвакуациялық 2 шығу есіктері болуы керек.
Қазір қалада 500-ден астам дәмхана, мейрамхана бар. Көбі газ баллондарды қалауынша пайдалануда. Мамандар болса «Орал қаласындағы қайғылы жағдай бірінші кезекте заңды елемейтін кәсіпкерлерге сабақ болуы тиіс», - дейді.
Руслан Нұрланұлы