Әлихан Смайылов оқушылардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған өңірлерді сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов оқушылардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған өңірлерді сынға алды

07.03.2023

Мектептерді қорғау күзетшіге емес, зейнеткерлерге артылған. Мыңнан астам білім ошағында сақтық шаралары талапқа сай емес. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оқушылардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған өңірлерді сынға алды. Ата -ана сабақтағы баласы үшін алаңдамауы тиіс деген ол кейбір білім ошақтарында кәдімгі дабыл батырмасы да жұмыс істемейтініне тоқталды.

Айя Мүтәлі, тілші:

Қолына балта мен пышақ ұстап, 3 баланы жарақаттаған петропавлдық оқушының әрекетінен кейін еліміздегі мектептердің қауіпсіздігі жаппай тексеріліп жатыр. Бүгін министрлер мен өңір басшылары осы бойынша Үкімет басшысына есеп берді.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың сөзінше, оқушы саны 700-ден асатын мектептерде лицензиялық күзет болуы керек. Олар қызметтік қарумен жабдықталып, төтенше жағдай бола қалса жедел әрекет ететін мобильді топтар жұмыс істеуі тиіс.

Алайда, Түркістан мен Солтүстік қазақстан облыстарында бірде-бір мектепте лицензиясы бар күзет жоқ. Мұндай қарауылмен Ұлытау облысының 91 пайызы, Қостанайдың жартысы қамтылмаған.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Іс жүзінде мектептерде кәсіби емес мамандарға, яғни қарапайым кемпір-шал вахтерларға тапсырылған. Оларда мүмкіндік те жоқ, заңмен белгіленген жауапкершілік те жоқ. Сондықтан қауіпті заттар мен қаруды кіргізуге тосқауыл қояды деп үміттену – бос амал.

Ал бейнекамералардың көбі жұмыс істемейді. Кей мектептерде дабыл батырмасы жоқ. Бар болғанның өзінде полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған. Ішкі істер министрі тексеріс кезінде мектеп пен жедел байланыс орталықтары арасында қағазбастылықтың кесірінен келісімшарт жасалмағанын анықтады.Олардың ішінде оқушыларға шабуыл жасалған солтүстіктегі мектеп те бар. Үкімет басшысы қауіпсіздік мәселесін шұғыл шешуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Өңір әкімдіктері осы жылдың 1 сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажет.

Ал жарақат алған петропавлдық оқушылар қазір ауруханадан шығыпты. Осылай деп есеп берген облыс әкімі Айдарбек Сапаров балалардың қазіргі жағдайы орташа дейді. Дәрігерлер оларға сабақты үйде отырып оқуға кеңес берген. Ал шабуыл жасаған оқушы 2 айға қамауға алынған.

Айя Мүтәлі, тілші:

Ал жемқорлардан тәркіленген ақшаға 70-ден астам мектеп салынатын болды. Қажетті құжаттар дайын. Жақын арада құрылыс жүргізілетін аймақтарға қаражат аударыла бастайды. Еске салайық, бұған дейін Қаржы министрі жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге арнайы есепшотқа түскенін хабарлаған болатын.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу