Павлодар облысында 52 ауылда жарық жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында 52 ауылда жарық жоқ

11.01.2024

Павлодарда да боранның салдарынан қаланың бірнеше шағын аудандарында жарық өшіп, бағдаршамдар істемей қалды. Жөндеу бригадалары ақау шыққан трансформаторларды бірер сағатта жөндеп үлгерді. Өңірдің Аққулы және Баянауыл аудандарына қарасты елдімекендерде де электр жарығы қайта-қайта өше береп, тұрғындарды әбігерге салды. Облыстық төтенше жағдай департаменті жанындағы арнайы жедел штаб қатты желдің салдарынан болған оқыс жайттар бойынша мәліметтерді жинап жатқанын мәлімдеді. Кеше кешкісін жалпы өңірдегі 117 ауылда жарық өшкен. 52 елді мекенде жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Орталық алаңдағы алып шырша құлады

Керекудегі Орталық алаңға орнатылған жаңа жылдың басты нышаны қатты желдің екпініне шыдамай құлады. Ал оны сатып алуға қала бюджетінен 52 миллион теңге жұмсалған болатын. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Сондықтан да болар шаһар әкімшілігі құлаған шыршаны жинап тастап, қайта құрмауға ұйғарым жасаған. Баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда оқыс оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Естеріңізге сала кетейік, ауа райын болжаушылардың аймақта қыс жаңбырлы, жылы болады, деген ескертуіне қарамастан 2024 жылды қарсы алуды мерекелеуге Павлодар қаласы әкімшілігі 185 миллион теңге қаржы бөлген. Бастапқыда 53 млн. теңге деп жариялап, кейін 60 млн. теңгеге салынғаны мәлім болған мұз қалашығы күн күрт жылынғандықтан жартылай еріп кетті.

Шырша құлап, адамды басып қала жаздады

Қатты желден Семейдің орталық алаңына қойылған шырша да құлап қалды. Жаңа жылдың символы сұлаған сәтте, оның тура жанынан адам өтіп бара жатқан. Абырой болғанда тұрғын зардап шеккен жоқ. Жасанды желектің биіктігі 19 метр. Әкімшілік өкілдері оны орнату үшін «Бюджеттен қаржы жұмсалмаған»- деген ақпарат таратқан. Желге төтеп бере алмай құлаған шыршаны коммуналдық мекеме мамандары түнделетіп жинап тастады.

Бірнеше өңірде оқушылар қашықтан білім алады

Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар өңірлерде оқушылар қашықтан оқып жатыр. Павлодарда бірінші ауысымның оқушылары мен 1-2 курс колледж студенттеріне, сол сияқты Қостанай қаласында да білім беру мекемелері онлайн дәріс беруге көшті. Семейде де көктайғақ салдарынан сабақ қашықтан оқытылады. Оралда аязға байланысты бірінші ауысымда 1-9 сынып оқушылар мектепке бармады. Таразда кеше басталған қатты жел әлі күшінде. Сол себепті мектеп түгел онлайн оқитын болады.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу