Алматыда ағашты отаған құрылыс компаниясының үстінен іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ағашты отаған құрылыс компаниясының үстінен іс қозғалды

08.01.2024

Алматы әкімдігі тұрғын үй салу үшін жүздеген ағашты отап тастаған «Қазақстрой» компаниясының үстінен қылмыстық іс қозғады. Алайда құрылыс компаниясы мұнымен келіспей отыр. Өкілдерінің айтуынша, 2 мың 700-ден астам талды кесуге әкімдіктің өзі рұқсат берген. Ал қалған оталған ағашқа қатысымыз жоқ, - дейді. Мәселенің мән-жайын әріптесім Әйгерім Ердәулет анықтап көрді.

Алматының Алатау ауданында көпқабатты тұрғын үй салуды көздеген «Қазақстрой» компаниясы мыңдаған жасыл желекті қалай кескенін түсіндіре кетейін: Талды отауға рұқсат алу үшін компания былтыр 6 рет әкімдікке өтінім беріпті. Бастапқыда жергілікті билік үзілді-кесілді қарсы болған. Алайда, құрылыс компаниясы ағаштарды кесуге қажетті құжаттарды жыл соңына дейін толық жинап, қайта әкімдікке тапсырған. Сөйтіп, экология және қоршаған орта басқармасы 2 мың 790 ағашты кесуге рұқсат берген. Бірақ әкімдік, құрылыс компаниясы бұдан да көп талды отап тастаған деп отыр.

Ақмырза Нұркен, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

Алайда орынға шығу барысында жоғарыда көрсетілген мекен жай бойынша 216 дана ағаш заңсыз кесілгені анықталды. Осыған орай басқарма залалды есептеп, полиция департаментіне және мамандандырылған табиған қорғау прокуратурасына жолдады. Анықталған факт бойынша Алматы қаласы, Алатау ауданы полиция басқармасы ҚР қылмыстық кодексіне сәйкес іс қозғады.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Ал «Қазақстрой» өкілдері әкімдіктің қозғаған қылмыстық ісі негізсіз деп отыр. Айтуларынша, артық ағашты түртпепті. Керісінше, қаңғыбастардың ортасына айналған жерді саябақ жасауға атсалысамыз деп отыр.

Болат Ибрагимұлы, «Qazaq SROY» құрылыс компаниясының директоры:

Жұмысты бастамас бұрын мамандандырылған компания осы учаскедегі ағаштарды санап, тұқымды зерттеді. 2979 ағаш шықты. Оның ішінде 182 ағашты қайта отырғызуға, ал 2797 ағашты кесуге рұқсат алдық. Мұның бәрін заң талаптарына сәйкес жасадық және барлық қажетті құжаттарды алдық. Өтемақы заң бойынша кесілген 1 ағаштың орнына 10 ағаш отырғызылу қажет. Сондықтан биыл барлығы 27 мың 970 ағаш отырғызамыз. Былтыр мамырда осы жер учаскесін сатып алғаннан кейін тұрғындармен үнемі кездесіп, келіссөздер жүргізіп отырдық.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Ал сол маңда тұратын кейбір тұрғындар аптап ыстықта енді көлеңке таппай қиналатын болдық, - дейді. Кейбірі қараусыз жатқан жерден өтуге зәре-құтымыз қашатын еді деп отыр.

Енді тамырына балта шабылып, үстіне бетон құйылған ағаштардың орына отырғызылатын талдардың биіктігі 2,5 метрден кем болмауы тиіс. Әкімдік өкілдерінің талабы осындай. Қайткен күнде де компания бұл 17 гектр аумаққа 45 блоктан тұратын көпқабатты үй салмақ. Ал оталған талдың қаншасы заңсыз екенін сот анықтайды.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу