Тараздық шенеунік жарты млрд теңгені құмар ойынға салған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздық шенеунік жарты млрд теңгені құмар ойынға салған

04.01.2024

Таразда әкімдіктің бұрынғы қызметкері жарты миллиард теңгені құмар ойындардың бәсіне жұмсап жіберген. Азарт құмар азамат букмекерлік кеңселерге туыстары мен таныстарының ақшасын салған. Халыққа берешегін қалтасына басқан қызметкер Облыстық жастар басқармасында 10 жылдай жұмыс істеген. 20-ға жуық адамды соңынан жүгірткен қызметкерге қатысты сот үкімі шықты. Жалпы елімізде құмар ойын құрбандары саны қанша? Оларды құмарлық шырмауын құтқару шаралары қалай жүреді? Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Жамбыл облыстық жастар басқармасында жұмыс істеген Ділмұрат есімді маман «тендер ұтып беремін» деп таныс-тамырының сеніміне кіреді. Ауылдастарынан да ақша жинап алады. Соңғы екі жылда 500 млн теңгені қалтасына басып, құмар ойындарында ұтылады. Алаяқтыққа барған азаматтың үстінен 205 млн теңгесін даулап, 15 адам арыз түсірген.

Аяла Құдайберген, Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры: 

205 млн теңге сотталған азаматтан өндірілмеді, ал жәбірленушілер кешірім берген жоқ. Оған 6 жыл 8 ай бас бостандығына айыру жазасы кесілді. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ сот үкімімен мемлекеттік сатып алу жұмыстарымен 10 жыл бойы айналыса алмайды.

Ал құмар ойынның құрығына ілінген кейіпкеріміз түрін көрсетпей, даусын да өзгертуді сұрады. Бүгінде бәс түгуді бір жола қойған. Өйткені отбасы мен ортасын жоғалтып ала жаздаған.

Миллион тіккен кездерімізде болды сол кезде. Былайша біздің тілмен айтқанда жаман қадалып, күйзеліксе түстік енді. + Бірақ кейде жаман ойлар азғырып, қайттан бір ойынға тіккің келген кездер болады.

Ондай кездерде құмарлық құрдымынан құтқаратын оңалту орталықтарына да баруға болады. Елде құмарпаздықтан қайтаратын 13 мекеме бар. Мамандар емделушілердің басым бөлігі 28 бен 35 жас аралығында екенін айтады. Ал емдеу ұзақтығы 4 айдан 1 жылға жалғасады. Азаматтар азарттан өз еркімен алыстағысы келсе ғана құмарға қайта соқпайтын көрінеді.

Нәби Есімов, ҚР ДСМ «республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» рмк директорының орынбасары:

Өз еркімен келген кезде ол дәрігердің бүкіл нұсқауларын орындайды. Және сол орындалу негізінде, біз көбінесе жақсы қорытынды аламыз. Құмарлыққа қайта оралу, оның ықтималдығы өте төмен болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде шамамен 36 мың лудоман бар. Ал барлық букмекерлік кеңселерде 2 млн шамасында ойын аккаунттары тіркелген. Қоғам белсендісі Исламбек Дастан онлайн ойынның көркін қыздырғандарға заңмен шектеу қоятын уақыт жетті дейді. Өйткені бұл тұңғиыққа сан саланың адамдары самсап кіріп жатыр.

Исламбек Дастан, қоғам белсендісі:

Әскерилер де, полиция қызметкерлері де бар, басқа да мемлекеттік қызметшілер бар.+Бұл жерде жарнама шектелсе де, лудомандар аз болады деген сөз емес. Сол үшін де Бурабайдағы, Қонаев қаласындағы ойын-сауықтарды сол жерде ғана өткізіп, онлайн ойындарды бірінші кезекте шектеу қажет.
Айта кетейік, былтыр елімізде 7 мыңға жуық интернет-ресурс бұғатталған. Бірақ бір басы шабылғанымен қосымша сайттар мен қосарланған жарнамалар қайта пайда болады. Сондықтан депутаттар арнайы заң жобасын ұсынуда. Тиісті заң қабылданса 25-ке толмағандар букмекерлік кеңселерге кіргізілмеуі мүмкін.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу