Еліміздің бірқатар аймағында құбылмалы ауа райы сақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар аймағында құбылмалы ауа райы сақталады

03.01.2024

Еліміздің бірқатар аймағында ауа райы құбылмалы болып тұр. Боран мен көктайғақ салдарынан жолдар жабылып, қар құрсауында қалғандар құтқарылған. Жол бойындағы көліктерді шығарып, жолаушыларды жылы жерге жеткізуге волонтерлер де көмектескен. Сондай-ақ, тәртіпке бағынбай полиция бекетінен айналып өтемін деп жазаға тартылғандар да бар. Өңірлердегі ахуалды тілшіміз баяндасын.

«Алматы-Екатеринбург» тас жолының Қарағанды маңындағы солтүстік-шығыс айналма бөлігін қар басып қалды. 2-і қаңтар күні ақтүтек боран соғып облыстық және республикалық маңыздағы жолдарда қатынас үзілген болатын. Әсіресе «Астана-Теміртау-Қарағанды» аралығында бағытта жолды көру қиындап 7 көлік соқтығысқан. Зардап шеккендер жоқ.

Өткен түнде 300 ден астам адам жолдан эвакуацияланды. Қар құрсауынан 22 автомобиль шығарылды. 245 адам жақын маңдағы жылыту пунктеріне жеткізілген. Бұл күні волонтерлер де жол талғамайтын көліктерімен қарға батқан және сынып қалған автомобильдерді сүйреп көмектескен. Еріктілер полиция департаменті тарапынан марапатталды.

Виталий Бош, волонтер:

Біз жолсызбен бірнеше сағат жүре отырып автобан бойындағы көліктерден айналып өттік. Жүк машинасы мен жеңіл көліктер соғылып қалған екен. Салдарынан кептеліс пайда болған. Оларды жиекке сүйреп, «ҚазАвтоЖол» жұмысшыларына жәрдемдестік. Сынып, қарға батып қалған көліктерді де шығардық.

Ұлытау облысында боранды күні бір адам адасып кетті. Жаңаарқа ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылынан 16 шақырым жердегі кәсіпорында күзетші болып жұмыс істейтін азамат 2-і қаңтар күні кешкілік үйіне жаяу бет алған. Алайда боранда бағытынан адасып қалған. Тек он сағат уақыттан соң түнде елді мекеннен 40 шақырым жерден табылған. Қазір ол ауруханада, жағдайы бірқалыпты.

Ақмола облысында бір мезетте он бес көлік соқтығысты. Оқиға «Астана-Щучинск» тас жолында болған. Көктайғақпен қатты боранның кесірінен жүргізушілер дер кезінде тоқтай алмай қалған. Оған қоса, жол нашар көрініп, қар да жауған. Оқиға орнына құтқарушылар жіберіліп, жолда қалғандарға көмек көрсетілді. Өңірде соңғы бірнеше тәулікте көктайғақ салдарынан 300-ге жуық адам жарақат алып, ауруханаға түскен. Қазір травматология бөлімшелері лық толы.

Елдос Қайыржанов, травматолог-дәрігер:

Аяқ-қолдары сынған, оның барлығы көшеге байланысты. Үйде құлағандар болған жоқ. Көлік апаттарынан да түскендер де болған жоқ. Көбінесе көктайғаққа байланысты. Бүгін де операциялар жасалып жатыр. Ертең де жасалады. Күніне 7-8-і жасалып жатыр.
Батыс Қазақстан облысында көктайғақтың кесірінен 94 адам зардап шегіп, дәрігерге жүгінді. Олардың 21-і - бала. Аяқ-қолы сынып, түрлі жарақат алған 17 адам ауруханаға жатқызылды. Өңірде жаңбыр жауып, күн райы бұзылып тұр.

Абай облысында кеше көктайғақ пен боран салдарынан барлық жолдар жабылған. Полиция елді мекендерден шыға берістерде кезекшілік атқарды. Алайда,тәртіп бұзғандар да бар. Курчатов қаласынан қарлы боранда полицияға бағынбай жолға шығып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды. Енді ол 110 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді, немесе 15 тәулікке қамауға алынады. Синоптиктер алдағы 3 күнде де бірқатар аймақтарда құбылмалы ауа-райы сақталатынын ескертті. Елдің оңтүстік-шығысы мен солтүстік батысында - 25 градусқа дейін аяз күшейеді.

Хабарламаларға жазылу