«Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Мемлекет басшысының сұхбаты әңгімелесу сипатында болғанымен, көлемі мен мазмұны тұрғысынан алғанда бағдарламалық мақала деуге әбден болады. Ерлан Қарин өзінің телеграм арнасында осылай деп мәлімдеді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кеңесшісінің пайымдауынша, Президенттің ішкі саясат және идеология саласына қатысты айтқан ой-пікірі мен белгілеген басымдықтары біз үшін аса маңызды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Мемлекет басшысы бірқатар бастама мен жобаның жай-жапсарын жеткізіп, аңдатпа жасады. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтетінін жария етті. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату қолға алынатынын атап өтті. 2024 жылы өтетін айтулы іс-шаралар мен басқа да атаулы күндердің бет-бейнесін белгіледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» деген сөзі – барлық идеяның өзегі. Жалпы алғанда, бұл сөз – Президент жүргізіп отырған идеологиялық бағыттың шағын формуласы. Бұл сөз қоғамды жасампаздыққа жетелейді: өткен күнмен өмір сүрмей, болашаққа нық қадам басуға үндеп, халықты бөлетін емес, біріктіретін жалпыұлттық құндылықтарды басшылыққа алуға шақырады.