Ақтөбеде 17 жастағы екі бала пышақ жарақатынан қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 17 жастағы екі бала пышақ жарақатынан қайтыс болды

03.01.2024

Ақтөбеде 17 жастағы екі бала пышақ жарақатынан қайтыс болды. Оқиға облыс орталығына қарасты Қызылжар ауылында өткен түнде болған. Күдіктілер ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалды. Оқиғаның мән-жәйін Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз Ақтөбе қаласына қарасты Қызылжар ауылының кіреберісінде тұрмыз. Қайғылы оқиға өткен түнде осы жерде, дүкеннің алдында болған. Міне, мұнда қан іздері әлі жатыр.

Бүгін оқиға болған дүкеннің алды жым-жырт. Қан іздері көмілмеген. Жасөспірімдердің төбелескен сәті кәсіпкерлік нысанының маңдайшасына қойылған бақылау бейнекамерасына түскен-түспегенін сатушыдан сұрағанымызда айтқан жоқ. Ал, полицияның мәліметінше, әлеуметтік желіде сөзге келіспей, кикілжіңге барған балалар мәселені кездесіп шешпек болған.

Абай Жүсіпов, облыстық полиция департаментінің бастығы:

Төбелеске қатысқандардың, күдіктілердің алты адамы ұсталды қазіргі таңда.Аталған тұлғалардың бәрі бұрын-соңды есепте болмаған, бұрын-соңды сотталмаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Оның ішінде екеуі 30-ыншы желтоқсанда әскерден келген. Себебін қазір анықтап жатырмыз.

Төбелеске барлығы он бала қатысқаны анықталды. Оның төртеуі әр түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Олар жедел жәрдеммен емес, достарының көлігімен жеткізілген. Кеуде тұсынан жарақат алған бала ота жасалған соң қайтыс болған. Дәрігерлер ауыр жараланған екіншісінің де өмірін сақтап қала алмады. Жарақат алған басқа екі баланың бірі алғашқы көмектен кейін амбулатриялық ем алуға жіберілді. Екіншісі палатаға шығарылған.

Жазылбек Әбдин, облыстық көпсалалы ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:

Магистральды қан тамырлары зақымданған кісі де клиникалық өліммен келіп түскен. Ол операция басталмай жатып, геморрагический шоктың кесірінен екі науқас қайтыс болды.

Марқұмның бірі Автожол колледжінде білім алған. Ал екіншісі Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжінде оқыған. Ұстаздары да 17 жастағы шәкіртінің өліміне әлі сене алар емес.

Сәнімгүл Жақыпова, Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжі директорының орынбасары:

Қандай жағдай болса да көмегін аямайтын, өте ашық, сондай жарқын бала болды. Енді естігенде ауыр күйде болдық. Қазір де... Сізге айта алмаймын. Бізге үлкен қайғы. Ата-анасына да, бізге де.

Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Істі облыс прокуорының өзі бақылауына алды.


Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу