Ұлыбританияда ағза донорлығының нәтижесінде 700-ден астам адам аман қалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда ағза донорлығының нәтижесінде 700-ден астам адам аман қалады

29.12.2023

Ұлыбританияда транспантологиялық операциялардың нәтижесінде жыл сайын 700-ден астам адам аман қалады. Себебі, бұл елде міндетті ағза донорлығы туралы заң бар. Құжатқа сәйкес, азаматтар қайтыс болған жағдайда ағзалары автоматты түрде мұқтаж науқастарға беріледі. Тек көзі тірісінде қарсы емес екендіктерін айтулары қажет. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова толықтырады.

Кира Болл 9 жасында көлік апатынан қайтыс болды. Ата-анасы қайғы жұтып қиналса да қызының ағзасын донорға мұқтаж науқас жандарға беруге келіскен.

Лоанна Болл, Кираның анасы:

Кираны жоғалтып алғанымыз өте өкінішті. Оны аман алып қалу мүмкін болмады. Бірақ қызым 4 адамға өмір сыйлады. Осы көңілге медеу, жанға жұбаныш.

Кираның арқасында ажалдан аман қалғандардың бірі – 9 жасар Макс Джонсон. Вирустық инфекциядан кейін жүрек талмасына душар болған оған Кираның жұдырықтай жүрегі салынды. Ата-ананың үзілген үміті жалғанды.

Эмма Джонсон, Макстың анасы:

Донорға деген алғысымыз шексіз. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-анасы өте қиын кезеңде басқалардың өмірі туралы ойлады. Бұл – ерлік. Біздің баламыз қайта өмірмен қауышты.

Бұл оқиға міндетті ағза донорлығы туралы жаңа заңның қабылдануына түрткі болды. Премьер-министр бастама көтеріп, маңызды құжатқа қол қойылды. Оны «Макс пен Кира» заңы деп атады. Содан бері кенет қайтыс болған адамның ағза мүшелері туысқандарының рұқсатынсыз мұқтаждарға беріліп жүр. Егер марқұм көзі тірі кезінде қарсы болып, бас тартпаса болғаны.

Клэр Виллимент, Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметі трансплантология дамыту бөлімінің жетекшісі:

Қазір жағдай мүлдем басқаша. Халық арасында жаңа мәдениет қалыптасты. Бүкіл ұлттың ағза донорлығына деген көзқарасы өзгерді және донор болуды абырой санайтындар көп.

Статистикаға сәйкес өткен жылы 4,5 мыңға жуық науқас тірі немесе қайтыс болған донордың ағзасын пайдаланып, аман қалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес пайызға көп. Дейтұрғанымен, трансплантацияны сарыла күтіп жүрген 7000-нан астам науқас бар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу