Енді жазғы маусымда жөнделетін жолға ақшаны күзге дейін күтудің қажеті болмайды. Басқа да ауқымды шаруаларға қазына қаржысы жылдам бөлінеді. Бүгін Мәжілісте жаңа бюджет кодексі талқыланды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоспарлаудың өзі 9-10 айға созылады. Кеш бөлінген қаржыны игеріп үлгеру де мүмкін емес. Жаңа кодексте бюджет процессі екі есе қысқарған. Ал, биыл игерілмей қалған қаржы келер жылға сол мекемеде қалады. Бұл процесс жеңілдетілмек. Тек жұмысты жүйелей алмаған басшы жауапқа тартылады. Өңірлерге бюджет қаржысы 3 жыл сайын әзірленетін даму жоспарына сәйкес қана бөлінеді. Аудан және ауылдық әкімдіктердің дербес бюджетіне түсетін қаржыны көбейту де осы құжатта қаралған. Заң жобасы бүгін бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Дегенмен, депутаттар тарапынан сын да, ұсыныс та болды. Олар екінші оқылымға дейін жұмыс тобында қаралады. Демек, әлі де өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Оңғар Алпысбай