Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығы ХV отырысында дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін тапсырылатын халықаралық сыйлық пен құрмет медалі тағайындалды.
Атап айтқанда, былтыр V съезде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Құмет медалі секілді наградаларды тағайындау қажеттігі туралы айтқан болатын.
«Былтыр өткен съезден кейін жыл барысында хатшылықта съезд наградалары мен бейбітшілік және келісім мұражайының тұжырымдамалары қарастырылды. Сыйлық пен медаль «дінаралық диалогты нығайтуда көрнекті үлесі мойындалғаны үшін» анықтамасымен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары мен белсенділеріне, қоғамдық-саяси қайраткерлер мен ұйымдарға берілуі тиіс деген қадамдар қолдау тапты»,-деді Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов.
Оның сөзіне қарағанда, сыйлықпен марапаттау туралы шешім ҚР Президентінің төрағалығымен діни лидерлер кеңесімен қабылдануы тиіс.
«Сыйлықты алған адамға арнайы диплом мен естелік белгіні тапсыру арқылы дінаралық диалогқа үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығының лауреаты құметті атағы беріледі. Съездің құрмет медаліне лайықты адам медаль мен оған тиесілі куәлік алу арқылы Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Құрмет медалінің лауреаты атағын иеленеді»,-деді ол.