«Алтын тұғыр-2023» ұлттық сыйлығы табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын тұғыр-2023» ұлттық сыйлығы табысталды

22.12.2023

Ұлттық арна - ұлттық жүлдені иеленді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұлттық спорт түрлерін насихаттауға қосқан үлесі үшін «Алтын тұғыр» сыйлығын алды. Үздік спортшылар, шабандоздар мен құралайды көзге атқан мергендерге «Алтын тұғыр-2023» сыйлығы табысталды.

Спортшыларымыз биыл халықаралық додаларда ұлттық спорт түрлерінен ел қоржынына 100-ге жуық медаль салды. Оның үстіне биыл «Алтын тұғыр» жүлдесінің он жылдық мерейтойы. Биылғы жеңіспаздар келер жылы елімізде өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады, деп жоспарланып отыр.

Исламбек Салжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

Елімізде Ұлттық спорт түрлері ауқымды дамып келе жатыр. Баршаңыз білесіз келесі жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Президент тікелей қадағалап отыр. Соған бір үлкен дайындық жүргізіп жатырмыз. Ол біз үшін бір жағынан үлкен мәртебе, зор жауапкершілік.

Сонымен қатар, ақпараттық қолдау көрсетіп, «Мергендер мекені» тележобасын жүзеге асырғаны үшін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да «Алтын тұғыр» жүлдесін иеленді.

Ләззат Танысбай «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Бүгін үлкен ұжымымыз қара шаңырағымыз «Қазақстан» телерадиокорпорациясына берілген жаңағы премияны үлкен ықыласпен қабыл ала отырып, біз соны екі жыл бойы қатерлі ауруға шалдығып, сонымен күресіп жүрген бір әріптесіміздің қоржынына қосқан үлестеріңіз деп түсінеміз. Көп рахмет сіздерге!

Жүлде биыл 10 номинация бойынша табысталды. Соның ішінде 20 жылға жуық құсбегілікпен айналысқан Шығыс Қазақстандық Күнтуған Арманбек үздік деп танылды

Бүгін де Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді. Биылғы шараға 500-ге жуық адам қатысты. Келген меймандарға садақ, асық ату және тоғызқұмалақтан шеберлік сабақтары өтіп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Дәстүрлі шара жыл сайын ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды насихаттап жүрген спортшыларды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып келеді.

Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу