8 мың қазақстандықтың мобильді аударымдары тексеріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

8 мың қазақстандықтың мобильді аударымдары тексеріліп жатыр

20.12.2023

8 мың қазақстандықтың мобильді аударымдары тексеріліп жатыр. Салық комитетінің хабарлауынша, бақылауға алынғандар – мемлекеттік қызметкерлер. Сонымен оларға айыппұл салынды ма? Кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың онлайн аударымдары қашаннан бастап тексеріледі? Айя Мүтәлі анықтап көрді.

Айя Мүтәлі, Тілші:

Соңғы жылдары қазақстандықтардың дені қолма-қол ақша ұстауды ұмытты. Көбіне төлем жасау үшін мобильді аударымдарды қолданады. Бұл әрине, салық төлегісі келмейтін кәсіпкерлер үшін тиімді. Себебі, олар чексіз жұмыс істейді. Дегенмен, заңға бағынып, кюар арқылы төлеуді ұсынатындар да бар.
Шағын эксперимент үшін бірнеше дүкенді араладық. Дені кассаның жанына әдеттегідей онлайн аударым жіберетін нөмерді іліп қойған.
Енді бұл аударымдар қадағалана бастады. Егер үш айда 100-ден аса онлайн төлем жасалса, салық органдарының бақылауына ілігеді. Бұған қатысты тұрғындар пікірі әртүрлі. Бірі жеке шоттарды бақылау қате десе, енді бірі салықтан жалтарғандарды жөнге салу керек дейді.

Дегенмен, аударымдарды бақылау жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Салық комитеті әуелі декларация тапсырған азаматтарды тексереді. Мәселен, биылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалар және олардың әйелдерінің ақша аударымдары бақылауға алынды. Келесі жылдан бастап бұл тізімге квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қосылады. Ал жеке кәсіпкерлердің шоттары 2025 жылдан, ал қарапайым халықтың онлайн аударымдары 2026 жылдан тексеріле бастайды. Салық комитетіне биыл 579 мың мемлекеттік қызметкердің дерегі келіп түскен. Қазір соның 8 мыңын тексеріп жатыр.

Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Бір-екі азамат туралы талдау жүргізгенде, бір мемлекеттік қызметтегі келіншек өзінің туған ағасы оның банктік картасына такси қызметін жүргізе отырып, соның банктік картасын пайдаланғаны анықталды.
Заңсыз жұмыс істегендерге жауапкершілік бар. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер 51 мың теңгеден 345 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Ал табысын жасырғандар төленбеген салықты 200 пайыз мөлшерінде қайтарады. Чек бермегендер 172 мың теңгедей өтейді. Дегенмен, Салық комитеті жаппай айыппұл салынбайды, оларға әуелі ескерту беріледі дейді.

Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Егер ол хабарламада көрсетіліп отырған заңбұзушылықпен келіссе, онда ол өзі өз еркімен өзінің алдында төлемеген салықтарын төлеп, әрі қарай кәсіпкерлігін заңдастыра алады. Ондай жағдайда оған жауапкершілік қарастырылмаған. Мәселен, 10 млн табыс тапты. Осы мобильді аударымдар арқылы. Және оның 10 пайыз мөлшерде жеке табысын төлесе болды.
Салық комитеті мұның жеке мақсатта жіберген аударымдарға еш қатысы жоқ екенін баса айтты. Яғни, ата-анаға, туған-туыс, жақын достарға жіберілген қаржы операциялары заңсыздыққа жатпайды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу