Ұлттық музейде күміс пен алтыннан жасалған 500-ден астам монета көпшілік назарына ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық музейде күміс пен алтыннан жасалған 500-ден астам монета көпшілік назарына ұсынылды

20.12.2023

Ұлттық музейде күміс пен алтыннан жасалған 500-ден астам монета көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық валютамызға 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмеде салмағы 2 кг болатын алтын ақшалар да қойылды. Көрмедегі коллекциялық және инвестициялық монеталар озық технологиялардың көмегімен жасалған.

Бұл тұңғыш рет бірнеше нұсқада шығарылған «Көкбөрі» монетасының дизайны. Осыған дейінгі инвестициялық монетаның «Алтын Барыс» және «Күміс Барыс» үлгілері ел есінде ерекше қалды. Ұлттық банк төл теңгеміздің 30 жылдығына орай жаңа қадамдарға барған. Осылайша, монеталарға тотемдік аң бейнесі бедерлеген.

Айжан Машеева Қазақстан ұлттық банкінің бас маманы:

Біз қазір инвестициялық монеталарды өндіруші үздік бес елдің қатарына кіруді көздеп отырмыз. Кезінде коллекциялық үлгіде шыққан «Көкбөрі» монетасына сұраныс артты. Сәйкесінше, түрлі элементтермен толықтырылып инвестициялық монета құйылды.

Көрме аясында ұлттық валютаның жаңа банкноттық сериясы да ұсынылды. Ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген. Сондай-ақ, көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап заманауи Қазақстанға дейінгі ел мұрасы бейнеленген.

Бүгінде теңгенің сапасы мен дизайнын халықаралық сарапшылар жақсы бағалайды. Жоғары деңгейдегі қорғанысқа да ие болды. Шығарылым мен серия жағынан да көш ілгері.

Асан Ахметжан, Қазақастан ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:

Қазақстандағы монета сарайы әлемдегі ең үздіктердің қатарында. Өзіңіз білесіз, былтыр Катардағы футболдан әлем чемпионаты болған кезде «Катар-2022» деген монета шығарылды. Ол FIFA-ның тапсырысымен шығарылды. FIFA және UEFA, бұл халықаралық футбол ұйымдары. Біздің қазақстандық монета сарайын өзінің серіктесі ретінде таныған.

Арнайы жиында 30 жыл ішінде өзінің тарихи функциясын толығымен орындап шыққан төл валюта туралы тың деректер айтылды. Расында, теңге - Тәуелсіздіктің тірегі, экономикалық дербестіктің кепілі болып қала бермек.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу