Батыс Қазақстан облысында су құбырының орны шұңқырға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында су құбырының орны шұңқырға айналды

09.12.2023

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында оқушылар шұңқырға айналған су құбырының орнына түсіп кетіп жатыр. Жыра болған сайдан жаяу түгілі, көлік те өте алмайды. Ауылға ауыз су тартамыз деп уәде берілгенімен, әлі күнге не мұнара, не сорғы стансасы салынбаған. Ауылдың сиқын кетірген құрылыс жайлы Ардақ Мұратқызы айтып берсін.

Талпын ауылында су құбыры мынадай адам тұрмайтын ескі үйлерге де тартылған. Бірақ, міне, екі жыл болды ауылға ауыз су әлі кірген жоқ. Ал құбырдың орны ой-шұңқыр болып, айнала қазылып тасталған.

Былтырдан бері салынған су желісінің беткі қабаты тегістелмей, топырағы түсіп кеткен. Тіпті сабақтан келе жатқан бірнеше бала абайсызда орға құлап, жазым бола жаздады.

Кәрима Сейсенғалиева, ауыл тұрғыны:

Мынау масқара ғой. Көшенің бәрін қазып-қазып кетті, кері орнын толтырмай ма? Білім ошағына баратын үш немерем бар. Өткенде 1 оқитын немерем суға батып кетті. Шұңқырға түсіп кеткен. Белуарына дейін бүкіл киімі, сумкасы, оқу құралдары су-су боп келді. Көрші бала алып келді үйге.

Ауылда 400-ге жуық адам тұрады. Ауызсу беріледі дегелі алты жылдан асты. Жоба ертерек жасалғанымен, жұмыс тоқтап тұр. Құрылысқа ел қазынасынан 279 млн теңге бөлінген.

Қымбат Қажиахметова, ауыл тұрғыны:

Мына шұңқырларды жаппады. Қақпағы ашық тұрды. Тіпті кішкентай балам бір боранда ішіне түсіп кетті. Қайта екінші бала артынан шықты ғой. Содан көріп, айқайлап, шығарып алғанымыз бар.

Теректі ауданының Подстепный, Абай, Магистральный ауылдарында да тап осы күй. Бәрінде тендерді бір компания - павлодарлық мердігер жеңіп алған. Бірақ жұмысы мардымсыз. Жалпы өңірде 160 ауылда сапалы ауыз су жоқ. Бірі тасып, енді бірі сатып алып ішеді.

Сырым Аманжолов, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

Облыста 416 ауылдық елді мекеннің 256-сы ауызсумен қамтылған. Теректі ауданы Абай, Талпын, Магистральное нысандары бойынша мердігер «КазЕвроСтрой» мекемесінің құрылыс жұмыстары кестеден кешігуде. Сол себепті тапсырыс беруші сотқа талап арыз берді. Дегенмен, келісімшарт жыл соңына дейін болғандықтан, соттан жеңіліп қалды.

Ал ел бойынша 6 мыңнан астам ауылдың 1395-і тіршілік нәрінен тапшылық көріп отыр.

Нұрсұлтан Керімқұлов, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сумен жабдықтау және су бұру басқармасының басшысы:

Қазір бізде 25 қала қалып отыр. Бұл қалаларда су бар, тек кей көшелерінде су жоқ. Сондықтан 100 пайызға қосып отырған жоқпыз. Және су жүйесімен қамтылмаған 1395 ауыл бар. 438 ауыл орталық су жүйесіне қосылады. Ал 957 елді мекенде кешенді блок модуль орнатылады.

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін бүкіл ауыл таза сумен қамтылуы керек деп тапсырма берді. Алайда, аядай бір ауылға ауызсуды бірнеше жыл өткізе алмай жүргенде, бұл межеге қашан жететініміз белгісіз.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу