Интернет алаяқтар WhatsApp мессенджерін пайдалана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернет алаяқтар WhatsApp мессенджерін пайдалана бастады

08.12.2023

Интернет алаяқтардың айласы таусылар емес. Бұған дейін киберқылмыскерлердің «жасанды интллект» игілігін теріс пайдалана бастағанын айтып едік. Бұл жайтқа қатысты тіпті Ұлттық банк ескерту жасады. Енді алаяқтар адамдарды WhatsApp мессенджері арқылы алдауға көшкен. Олардың қармағына түспеу үшін не істеу керек? Құқық қорғау органдары қандай кеңес береді?

Азамат үш күн бұрын алаяқтарға алданғанын айтады. Оны киберқылмыскерлер WhatsApp мессенджері арқылы сан соқтырған. Қала тұрғыны енді кеткен қаражатын қалай қайтарарын білмей дал. Шарасыз күйге түскен ол жақындары, әріптестері танып қоймас үшін түрін көрсетпеуімізді өтінді.

Азамат, қала тұрғыны:

Үш күн бұрын досым WhatsApp -тан жазды. Маған 100 мың теңге керек, қиын жағдайға тап бодым деді. Досым болғаннан кейін, қиналып тұрған шығар деп 100 мың теңге салып жібердім. Одан кейін 15 минуттан соң ақша түскенін, түспегенін білейін деп қоңырау шалсам досым айтады мен сенен ешқандай ақша сұраған жоқпын дейді. WhatsApp -тан жаздың ғой десем, үш күн бұрын ватсабынан бір сілтемеге кіріп, ватсабы істемей қалған екен.

Иә, бұл алаяқтардың жаңа тәсілі. Қазір арам пиғылды киберқылмыскерлердің бұл тұзағына екінің бірі түсіп жатыр. Интернет алаяқтықтың бұл түрі кеңінен тарап жатқанын Алматы қаласының полиция департаменті де растап отыр. Полицейлер киберқылмыскерлердің жұмыс істеу тәсілі мен одан қалай қорғануға болатынын айтты.

Салатанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

WhatsApp желісі арқылы азаматтарға бірнеше сілтеме жіберіледі. Сол сілтеме бойынша өткен азаматтың WhatsApp ресурсына қолдарын жеткізеді. Содан соң соның телфон кітабындағы барлық азаматтарға мәлімеде жазып, ақша жіберуін сұрайды. Бұл интернет алаяқтардың кәсібі. Одан сақ болуларыңызды сұраймыз. Десек те егер, осындай жағдайға душар болсаңыз бірден полицияға хабарласып, арыздануыңызға болады.

Бірақ интернет алаяқтарды ұстау оңай шаруа емес. Өйткені киберқылмыскерлер өздерінің арам пиғылдарын дүниенің кез келген нүктесінде отырып жүзеге асыра алады. Былтыр ғана қазақстандықтарды сан соқтырған 50 алаяқтың Украинада ұсталуы сөзімізге айқын дәлел. Жыл басынан 34 мыңнан астам қазақстандық интернет алаяқтардың құрбаны болған.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

WhatsApp мессенджеріңізге сіз ұтысқа ие болдыңыз немесе үлкен жеңілдікпен түрлі тауар ала аласыз деген сілтеме келсе оған баспаңыз. Бұл алаяқтардың құрған тұзағы. Ал егер жақындарыңыздың, туған-туысқандарыңыз WhatsApp арқылы ақша сұрап жатса, сол адамға хабарласып, көз жеткізіп алғаныңыз жөн. Алаяқтықтың жаңа түрі туралы айналыңдағыларды ескертуді ұмытпаңыз. Сақ болайық!


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу