Күріштің тез өсетін жаңа түрі өнім берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күріштің тез өсетін жаңа түрі өнім берді

07.12.2023

Тез өседі, бастысы көп өнім береді. Қызылордада күріштің осындай жаңа түрін өсіру қолға алынды. Мақсат – суды үнемді пайдалану. Себебі, күріш суды көп қажет етеді. Ал, сыр өңірінде су тапшы. Мәселені шешу үшін облыста күріштің жаңа сорттарын сынақтан өткізу қолға алынды. Сонымен ол қандай күріш түрі? 

Қызылорда десе, күріші көз алдымызға елестейді. Себебі, бұл өнім түрі осы сыр өңірінің табиғатына бейім. Өзге жерге қарағанда осы өңірде өнімді жақсы береді. Бұған шаруалар да бейімделген. Сондықтан, қызылордалықтар су тапшы, деп күріш өсіруден бас тартпайды. Керісінше, суды аз қажет ететін күріштің жаңа түрлерін өсіріп, сынақтан өткізіп жатыр. Мысалы бұған дейін, бұл аймақта «Лидер», «Янтарь» деген сорттары егілетін. Ал биыл алғаш рет Украинаның Виконт, Премиум, Маршал деп аталатын өнім түрлері сынақтан өтті. Қызылорданың жерінде алғаш рет өнім берген бұл күріш түрлері тез өсіп қана қоймай, өнімді де жақсы беріпті.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Шынында да, біздің қазіргі соттарымызға қарағанда ол 15 күнге ерте пісті. Орақ 15 күнге ерте түсті. Ол да суды үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Біз сол жұмыстарды ары қарай жалғастырып, келесі жылы да егіп көреміз. Ол биылғыдай өнімді тағы жақсы беретін болса, 2025 жылдары толық сол жаңа сорттарға тез пісетін, суды аз қажет ететін соған біртіндеп көшетін боламыз.

43 мыңнан аса адам жұмысқа орналасты

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сондай-ақ ауылшаруашылық саласында су үнемдеу технологиясын пайдаланып жатқанын жеткізді. Осы мақсатта, жерді лазермен тегістеген. Демек, жер тегіс болса, су да үнемделеді, - дейді. Сыр өңіріндегі басты бағыттың бірі ол жұмыссыздықты жою. Осы мақсатта биыл 43 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан. Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі, қаладағылар суды жылытып амалын тауып отыр. Алдағы үш жылда кезең-кезеңімен бұл мәселе шешіледі екен. Жобаны жүзеге асыру үшін Үкіметтен 25 млрд теңге қаражат қарастыру көзделген. Сондай-ақ, Қызылордада Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр. Ол 5 айдан кейін халықтың игілігіне беріледі.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу