Қызылорда облысында үлгілі ауылдарға арнайы техника таратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында үлгілі ауылдарға арнайы техника таратылды

05.12.2023

Қызылордада балалардың білімі мен шығармашылығын жетілдіруге арналған заманауи оқушылар сарайының құрылысы басталды. Жоба құны 2 миллиард 300 миллион теңге. Жаңа нысан қаланың сол жағалауынан бой көтеруде.

350 орындық оқушылар сарайы аймақтағы ірі кәсіпорын «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржысына салынуда. Жоспар бойынша ғимарат келер жылы ел игілігіне беріледі. Жалпы биыл демеушілер есебінен облыста ауқымды жобалар қолға алынды. Соның ішінде білім саласына қатысты игі бастамалар көп. Жергілікті билік тарапынан да айрықша қолдау бар.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Біз білім саласына ерекше көңіл бөліп келеміз. Біздің бюджетіміз қазіргі таңда Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен 609 млрд. теңгеден асса, соның 278 миллиард теңгесі білім саласын дамытуға бағытталды.

Үлгілі ауылдарға арнайы техника таратылды

Сондай-ақ, осы күні «Үлгілі елдімекен» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. Ел Президентінің ауылды дамыту бастамасымен биыл екінші мәрте өткізілген конкурсқа 30-ға жуық өтінім түскен. Тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша үлгілі деп танылған 3 аудан орталығы мен 3 ауылға 15 коммуналдық техника табысталды.

Ғалымжан Қаюпов Бесарық ауылы әкімінің міндетін атқарушы:

Елдімекенде жалпы 2360 үстінде халық бар. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары көктемде-күзде жыл сайын атқарылады. Жалпы ауылымыз тап-таза. Техника беріп жатыр мінекей. Үш техниканың кілтін алдық. Құдай қаласа әрі қарай жұмыстар атқарыла береді.

Мұнан бөлек, «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесінің де автопромы жаңарып, авариялық шақыртуларға шығатын су жаңа 16 қызметтік автокөлік берілді.

Хабарламаларға жазылу