Үкімет: Транзиттік тасымалды тежеуге болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет: Транзиттік тасымалды тежеуге болмайды

05.12.2023

Қазақстандағы жолдар мен өткізу пункттері транзиттік әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік бермей отыр. Бұл туралы Үкімет отырысы кезінде айтылды. Ал соңғы жылдары батыс пен шығысты байланыстырушы ел ретіндегі мүмкіндігімізді арттыру жұмыстары қолға алынған.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Негізгі екі проблема көтерілді. Өткізу пункттері өте баяу жұмыс істейді. Жүк артқан көліктер кезек күтуге мәжбүр. Ал тез бұзылатын азық-түлік, немесе медициналық препарат таситындар ұзақ күте алмайды. Қазақстанды айналып өтетін альтернативті жол іздеуі мүмкін. Сондықтан мәселені шұғыл реттеу керек деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов. Екінші мәселе жол бойындағы сервис өте нашар. Жоқтың қасы. Премьер-министр жауапты органдар мен облыс әкімдеріне мәселені реттеуді тапсырды. Ал қазір геосаяси жағдайға байланысты әлем елдері жаңа тасымал жолын іздеп жатқаны белгілі. Мысалы бір ғана Беларуссия мен Еуропа арасындағы 13 өткізу пункі жабылған. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалы 5,5 млн.тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22% -ға артып отыр. Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі және ол соңғы жылдары 2 есеге өскен. Сараптамалық мәліметтерге сәйкес Қытайдан Еуропаға жыл сайын теңіз жолымен 1 млрд. 600 млн. тоннаға дейін жүк тасымалданады. Соның тек 1 %-дан аспайтын бөлігі Қазақстанның автомобиль жолдарымен өтеді. Жоғарыда айтқандай әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін, медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің ел аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар. 

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу