Қызылшаның көбеюіне себеп көп. Соның бірі – балаларға уақытылы екпе салдырмау. Сондықтан қоғам белсенділері ешбір себепсіз екпеден бас тартатын ата-аналарды заң тұрғысынан қатаң жауапқа тартуды сұрайды. Осы ретте интернет желісінде арнайы петиция жарияланған. Бастамашылардың уәжі бойынша, баласына қандай да бір ғылыми негізсіз екпе салдырудан бас тартатындар басқа бүлдіршіндердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Әсіресе, белгілі себептермен екпе алуға болмайтын балаларға зияны орасан, - дейді петицияның мән-жайын түсіндіруге жиналған қоғамдық белсенділер. Қазіргі таңда оны 1 мыңнан аса адам қолдап, қол қойған. 30 мыңға жетсе құжат Парламентте қаралуы мүмкін.
Абылайхан Әбдіраш, «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Ата-ананың жауапкершілігін арттыру мақсатында. Неге қылмыстық жаза, себебі бұл бір балаға емес, бұл жалпы ұлтқа жасалынып отқан қылмыс болады егер біз вакцина салдырмасақ. Ол жерде мына әкімшілікке қарағанда штрафтың көлемі ауыр болуы мүмкін, үй қамағы секілді түрлі жазалар бар, тек түрмеге қамау емес қой жаза деген.