Оралдық тұрғындар бес күн бойы жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдық тұрғындар бес күн бойы жылусыз отыр

02.12.2023

Оралда көпқабатты бес үйдің тұрғындары 5 күн бойы жылусыз отыр. Айтуларынша, жылу тарататын кәсіпорын халыққа жылу беруді тоқтатып тастаған. Кейін осы көшедегі тағы үш үй мен Қамбар батыр көшесіндегі бір үйде жылу жоқ екені анықталды. Тоғыз қабатты бір үйдің өзінде 156 отбасы тұрып жатыр. Тұрғындар полиция шақырып, шағым түсірді.

Қаламқас Жүсіпова, тұрғын:

Бізде үй салқын. Бүгін 4-5-ші күн. Балалар ауырып жатыр, 4-еуі де кішкентай менде. Өтініш, жылдамырақ істеп, қосса екен деп өтініп сұраймын. Полицияға түнде арыз жаздық бәріміз жиналып. Көрпенің астында жатырмыз, салқын үйдің іші.

Жылу таратушы кәсіпорын өкілі құбырға ысырма орнатып, тұрғын үйге жылу беруді азайтқандарын мойындады. Өйткені, бұл үйге жылу берсе, басқа үйлер зардап шегетін көрінеді.

Бекболат Камешев «Жайық жылу қуат» АҚ бас директорының орынбасары:

Мөңкеұлы 83/2-ші үйде үлкен екі насос тұр. Оларды қосса, қасындағы басқа үйлерге жылу жетпейді. Сондықтан осы үйге жылу беруді шектеп, құбырға қондырғы қойдық. Енді қосымша құбыр жалғап, кішкентай сорғы қойып, жағдайды қалпына келтіреміз

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу