Елордада тізеге роботтың көмегімен ота жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тізеге роботтың көмегімен ота жасалды

01.12.2023

Астанадағы дәрігерлерге операция жасауға роботтар көмектесіп жатыр. Кешелі бері 5 науқастың жамбас және тізе буындарына ота жасалды. Роботтың пайдасы ол қателесуге жол бермейді дейді мамандар. Операцияға әріптесім Самал Қабышева да қатысып, роботтарды көзімен көріп қайтты.

Науқастың тізесіне дәл осы роботтың көмегімен ота жасалып жатыр. Роботтың аты «Страйкер Мако» деп аталады. Бұл дәрігердің көмекшісі қызметін атқарады. Яғни, нақты қай жерге қалай ота жасау керектігін жоспарлап береді. Егер дәрігер ота барысында қандай да бір қателік жіберсе робот бірден өшіп қалады екен.

Роботтың көмегімен тізесіне ота жасатқан жанның бірі Ақтөбе облысының тұрғыны Сұлушаш Оспанова. 53 жаста.Оның аяғынан баса алмай, ауырып жүргеніне 6 жыл болған. Өткен тәулікте ғана ота жасатқан ол қазір жағдайының жақсы екенін айтады. Операция барысында бәрін естіп жаттым дейді.

Сұлушаш Оспанова, Ақтөбе облысының тұрғыны:

Кішкене жүріп қойсам, аяғым жүргізбейді. Екі жіліктің сүйегі мүжілген деді. Роботпен жасаса бұдан да лучше болады деген соң өз келісімімді бердім. Менде артрит артроз 3-4 степень болды. Бәрібір чашканы ауыстыру керек болды.
Ал бұған дейін Астанадағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында жамбас және тізеге роботтың көмегімен ота жасалмаған. Мәскеуден келген мамандар роботтың артықшылығын көрсетіп жатыр. Яғни, операцияның дұрыс жасалуына робот көмектеседі. Дәрігерге қателесуге жол бергізбейді. Қарапайым тілде айтсақ, хирург роботтың қолын ұстап тұрады. Қанша кесу, қалай кесу керектігін, протезді қою, барлығы роботтың нұсқауымен жүргізіледі. Операцияның барысы арнайы мониторда көрсетіліп тұрады.

Жұмахан Сламов, Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігері:

Маған өте қатты ұнады. Робот операцияны кеше бастадық. Екі күн болды Осыған дейін жасаған Москвадағы дәрігер роботпен жасайтын дәрігер сол кісі келіп, роботпен қалай жұмыс істеу керектігін бізге көрсетіп жатыр. Оған дейін бәрін қолмен жасайтынбыз. Барлық протездерді қолмен қоятынбыз.
Ал елімізде жылда жамбас және тізе буындарының ауруына 15 мыңнан аса адам шалдығуда. Жыл сайын Астанадағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы осындай ауруға шалдыққан 3 мыңнан аса науқасқа ота жасайды екен. Науқас саны көп болғандықтан роботтың көмегі аса қажет дейді мамандар.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу