Қызылшаның бұлайша жер-жерде өршуі балалардың жоспарлы вакцинациялауды өткізіп алғандығынан болып отыр. Денсаулық сақтау министрі осылай деді. Сондай-ақ, қызылша ауруы бойынша елімізде эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз екенін жеткізді.
Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:
Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек-орын ашылды, стационарлық емделуде 2375 бала бар. Сондай-ақ жүкті әйелдерге госпитализация жүргізілуде. Төсекпен қамту 59,5%-ды, резерв 1093-ті құрайды.
Ажар Ғинияттың сөзінше, қазір әлемнің 167 мемлекетінде қызылша жұқтырғандардың саны тым артқан.
Сонымен қатар министр көптің күдігін тудырған Үнді вакцинасына қатысты сауалға жауап берді. Қазақстан қызылшаға қарсы тиімділігі дәлелденген бұл вакцинаны 10 жылдан бері қолданып келеді. Осы жылдар ішінде жанама әсер немесе асқынулар болмаған. Оған қоса үндістандық екпені бізден өзге 70 ел пайдаланып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және балаларға қолдануға ұсынылған, деді министр.