Талдықорған қаласы тұрғындарының 58 пайызы табиғи газға қосылып, өркениет игілігін көріп отыр. Облыс орталығының бас жоспарын қайта қарастырғаннан кейін шаһарда жаңа шағын аудандар бой көтеріп, көпқабатты тұрғын үйлер салына бастайды. Қазірдің өзінде Жетісудың бас қаласында 1300-ге жуық пәтері бар 35 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Талдықорғанның тағы қандай даму жоспары бар? Тілші тарқатады.
Биыл Үйтас саяжай массивіне табиғи газ тартылды. Көшелеріне асфальт төселіп, ауыз су мәселесі шешілді. Саяжай қазір қаланың бір шағын ауданы іспетті. 2200-ден астам шаңырақта 4,5 мың халық тұрады. Тұрғындардың ендігі сұрауы мектеп, балабақша салынып, халыққа ең қажет деген нысандар бой көтерсе, дейді.
Райхан Бақберова, саяжай тұрғыны:
Бізге барлық жағдай жасалынып жатыр. Мысалы, жолымыз асфальтталып жатыр. Жарық келді. Су бар. Газ да келіп тұр. Бәрін кіргізіп жатыр шетінен. Енді бізге ауыл статусы берілсе екен.
Қалада дәл осындай 12 саяжай бар. Жазғы уақытта бау-бақша өсіретін жерлерде қазір халық жыл он екі ай тұрып жатыр. Тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру үшін шаһардың бас жоспарына өзгертулер мен түзетулер енгізу керек. Сонда ғана саяжай деген статустан арылып, әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуге жағдай жасалмақ.
Ернат Бәзіл, қала әкімі:
Бас жоспарды келесі жылдың аяғында бекітіп алсақ, 2025 жылы жаңағы жерлерге мәдениет үйі, споот кешені, кішкентай балалар ойнайтын алаңдар, мектеп, балабақшалар салуға мүмкіндік болады.
Қалада баспана кезегінде 15 мың, жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 44 мыңнан астам адам тұр. Бас жоспарды өзгерткеннен кейін жеке тұрғын үй секторына бөлінген жер телімдеріне де көпқабатты тұрғын үй салу мәселесі қарастырылуда.
Қуаныш Қанатұлы