Алматы облысында еріктілер слеті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында еріктілер слеті өтті

29.11.2023

Алматы облысында еріктілер слеті өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға өңірдегі барлық волонтерлерлік ұйымдар қатысты. Іс-шара барысында жылдың қорытындысы шығарылып, үздіктер анықталды. Шараның өтуіне Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Вектор» жастар қоғамдық бірлестігі мұрындық болған.

Алматы облысында еріктілер слеті жыл сайын ұйымдастырылады. Мақсат – волонтерларға қолдау көрсету. Биылғы шараға 19 топ қатысты. Олардың арасынан үздіктер анықталып, бірнеше номинация бойынша марапатталды.

Жомарт Кеңесов, «Vector» жастар одағының директоры:

Тоғыз бағыт бойынша волонтерлік топтар марапатталды. Және өзіміздің «Вектор» одағы атынан үш сыйақы – 100 мың теңге көлемінде үш марапат берілді.
«Біргеміз-Қамқор» номинациясы бойынша «Бес асыл» жобасы үздік деп танылды. Топ қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созумен айналысады.

Мәриям Тынышбаева, «Біргеміз-Қамқор» номинациясының жеңімпазы:

Ертеңгі ұрпақтың мықты болып жетілуіне біз жауаптымыз. Сол жауапкершілікті сезініп, біз осы өсіп келе жатқан ұрпаққа жақсы тәрбие беру мақсатында жобамызды да «Бес асыл» деп атадық. «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз». Сол қсаиеттердің барлығын өсіп келе жатқан оқушыларға түсіндірсек деген мақсатымыз бар..
Ерікті болудың қыр-сырын үйретіп жүрген мамандар мұндай шаралардың берері мол дейді. Себебі волонтерлар тек әлеуметтік мәселелерге ғана атсалыспайды.

Александра Крашинина, «Ұлттық волонтерлер желісінің» сарапшысы:

Бұл жалпы волонтерлік қызметтің тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, елдің экономикасына да қосатын үлесінің зор екендігін көрсетеді. Жалпы өз аймағының мәселелерін айқын көріп, оларды тиімді шешудің жолын таба алады. 
Айта кетсек, Алматы облысында 4000-ға жуық ерікті бар. Әрқайсысы әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Оларға әкімдік тарапынан ұдайы қамқорлық көрсетіліп келеді дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу