Өзбекстанда балалардың улануы: Үш адам тұтқындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда балалардың улануы: Үш адам тұтқындалды

29.11.2023

Өзбекстанда балалардың «Антиструмин» препаратынан улану дерегіне қатысты үш адам тұтқындалды. Бұл туралы жоғарғы сот ресми ақпарат таратты. Елдің бас эндокринологы мен балалар эндокринологы, сондай ақ денсаулық сақтау министрлігіне қарасты дәрі-дәрмек бөлуді реттеу басқармасының экс-басшысы қазір қамауда отыр. Оларға қылмыстық кодекстің үш бірдей бабымен айып тағылған.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Наманган облысында дәріден уланып, ауруханаға түскен балғындардың сырқатына «Антиструмин» препараты себеп болғанын денсаулық сақтау министрі Амрилло Иноятов бұған дейін растаған еді. Осы келеңсіздікке қатысы бар қызметкерлердің заң алдында жауап беретінін мәлімдеген. Дәрі сәбилерге шамадан тыс мөлшерде берілген. Екі бірдей баласы ауырып емдеу орнына түскен аналардың бірі жағдайды былайша баяндады.

 Ата-ана:

Балалар бақшадан келген соң ештеме жемеді. Не болды деп сұрасам ішім ауырады деп жауап берді. Екеуі де жылап, мазасызданды. Біраздан соң іші өтті. Сол кезде үлкені бізге балабақшада дәрі берді деп айтты. Тәрбиешісіне хабарласып едім йод тапшылығына қарсы препарат бергенін растады.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Еске салайын, қыркүйекте Наманган облысында 70-тен астам бала уланып, ауруханаға түскен еді. Артынша ресми органдар науқас балғындар саны 450-ге жеткенін хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі тергеу аяқталғанша ел аумағында «Антиструминды» қолдануға тыйым салды. Жедел жұмыс тобы құрылып, зерттеу жүргізілді. Бұл іске қатысты бірнеше сот отырысы өтті. Айта кетейік, «Антиструмин» препаратын сатып алуға ел қазынасынан 15 млрд сум қаражат бөлінген. 

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу