Қызылорда облысында биыл ұлттық жоба аясында 10 «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Қазіргі таңда нысандардың іргетасы қаланып, құрылыс алаңдарында қызу жұмыс жүріп жатыр. Жалпы Президент бастамасымен қолға алынған бағдарлама бойынша, аймақта 21 білім ордасы бой көтереді.
Осылайша, 2025 жылы облыс мектептерінде орын саны 12 мың 300-ге ұлғайып, үш ауысымдық және апатты білім ошақтарының мәселесі түбегейлі шешіледі. Жоспарға сәйкес, жайлы мектептердің 8-і Қызылорда қаласында қалғандары аудандарда салынады. Ұлттық жобаға қаржы «Самұрық-Қазына» Қоры арқылы бөлініп отыр. Қазіргі таңда, он нысанның мердігері анықталып, құрылыс жұмысы жанданған. Бұл білім ұялары соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылмақ.
Асқар Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
Бұл «жайлы мектептің» ең негізгі мақсаты қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған, заманау қажеттіліктермен құрал-жабдықтармен жабдықталған, сонымен қатар баланың геометриясына өсу қарқынына арналған құрал жабдықтары болады.
Сондай-ақ, қалада жылдан жылға оқушы саны еселеп көбейген 4 іргелі мектепке биыл қосымша ғимараттар салынды. Соның нәтижесінде, бала қабылдау үлесі 2 мың орынға ұлғайып, балалар екі ауысымда сапалы білім алуға мүмкіндік алды.
Әділбек Серікұлы