Түркістан облысында жаңадан «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы басталды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір режимінде жұмыстарды ресми түрде бастап берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатқан ірі инфрақұрылымдық жоба республиканың көлік-транзиттік әлеуетін арттырып, экспортқа тауар тасымалдауды жеңілдетпек.
Еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыру үшін салынатын «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін салу екі кезеңде іске асады. Ірі жобаның құрылысын телекөпір арқылы бастап берген үкімет басшысы Әлихан Смайылов жаңа теміржол желісінің Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жеңілдетуге және Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Өткен жылы теміржолдармен тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданды және 245 млрд тонна-километрді құрады. Бүгін біз «Дарбаза-Мақтаарал» ірі теміржол жобасының құрылысын бастаймыз. Осы учаскенің өткізу қабілетін кеңейту елдің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттырады. Және Түркістан облысының дамуына оң ықпалын береді.
Жобалық құны 240 млрд теңгені құрайтын теміржол желісі Дарбаза станциясынан Өзбекстанның «Сырдария» станциясы аралығын қамтитын болады. Ұзындығы 152 шақырымға созылатын жолдың құрылысы үш жылға созылады. 19 мың 700 тонна рельс төселіп, құрылысқа 3,5 мыңға жуық жұмысшы тартылмақ. Теміржол желісі өңірдегі 4 ауданының аумағынан өтетін болады. Мамандар жаңа желіні тек егістіктер мен жайылым жерлерге салынады деп отыр. 9 станция салынады. Құрылыс аяқталып, пайдалануға берілгенде 600-ге тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қанат Әлмағамбетов, «Қазақстан темір жолы» АҚ ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары:
Атакентке, Жетісайға баратын жүктер олар бірінші біздің шекарадан Өзбекстанға өтеді. Бір тексеріс біздің жақта, екінші тексеріс Өзбекстан жақта. Төрт тексеріс өтеді. Бес-жеті күндей ол. Ал, қазір осы жол салынған соң, ешқандай шекарадан өткізбейміз. Тікелей біздің Қазақстанның жүктерін сол аудандарға апарамыз.