«Қазақмыс» компаниясындағы қайғылы оқиғадан кейін арнайы комиссия тексеру жұмыстарын бастады. Ал қаза болған қос кеншінің отбасына барлық тиісті көмектер беріледі. Бұл ақпаратты Жамбыл облыс әкімінің орынбасары арнамызға берген сұхбатында айтты.
Түнгі үштер шамасында Шу ауданындағы “Жайсан” кенішінің жер асты бөлігінде апат болып, екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Мыс кенін бұрғылап жатқан екеуінің төбесінен тас құлап, ауыр жарақат алған. 42 және 21 жастағы қос азамат Қарағанды және Ұлытау облысының тумалары. Бүгін марқұмдардың мәйіті туыстарына берілді. Ал апат болған жерден 42 адам эвакуацияланды.
Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары:
2023 жылдың қаңтар айынан жұмыс басталды осы жерде. Бұл жаңа кеніш. Ол жерде кәдімгі жаңа техника, бәрі жаңа талаптарға сәйкес жасалған. Өкінішке қарай, осылай болып отыр ғой енді. Арнайы комиссия өзінің бағасын береді. Бұл кімнің қателігінен болды: жұмыс берушінің бе, жұмысшының ба, анықталады.
Айта кетейік, соңғы уақытта «Қазақмыс» компаниясында қайғылы оқиға көбейді. Осыдан 5 күн бұрын «Жезқазған байыту фабрикасында» машинист конвейерге қысылып мерт болды. Ал қараша айының басында «Шығыс Жезқазған» кенішінде тағы бір жұмысшының төбесінен тас құлап, опат болды. Сондай-ақ, «Жыланды» кенішінде 6 қызметкер жарақат алған болатын.