Түркістан облысында жаңадан «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы басталды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов телекөпір режимінде жұмыстарды ресми түрде бастап берді.
Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр. Әрі республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Ұзындығы 152 шақырымға созылатын жол өңірдің Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай мен Мақтаарал аудандары арқылы өтеді. Құрылысы үш жылға созылатын теміржолға 240 млрд теңге қаражат бөлініп, 19 700 тонна рельс төселеді. Құрылысты жүргізуге 3,5 мыңға жуық жұмысшы тартылмақ. Жаңа теміржол желісі Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жеңілдетуге және Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көрші ел арқылы алыс жақын шетелге тауар тасымалдауға жол ашады.
Қанат Әлмағамбетов, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары:
Осы жол тек қана өзімізге емес, Атакент, Жетісай аудандарын қосып, ары қарай Иржаскадан Ауғанcтанға, Тәжікстан, Түркменстан, Иран сияқты мемлекеттерге жүктерді тасу мүмкіншілігі болады.
Айнұр Ақбаева