Маңғыстау облысында жыл басынан бері 8 мың жас жұмысқа орналасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында жыл басынан бері 8 мың жас жұмысқа орналасты

24.11.2023

Маңғыстауда Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікке баулу шаралары қарқынды жүргізіле бастады. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар аймақта жергілікті деңгейдегі жобалар да жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері 8 мыңдай жас жұмысқа орналасты. Одан бөлек, 280-ге жуық адам кәсіп бастаған.

Ғалымжан Бекібайдың кәсіп ашқанына 4 ай болды. 21 жастағы Мұнайлы ауданының тұрғыны үйлердің қасбетін қаптайтын сәнді пенапласттар өндіреді. Жас кәсіпкер ол үшін «Жастарды шағын несиелеу» жобасы арқылы 2,5 пайызбен несие алған.

Ғалымжан Бекібай, жеке кәсіпкер:

Мынау терезенің үсті. Бұның 1 күнде 50-60-ын шығаруға болады. Мемлекеттен қаржы алуға жүгірдім. Көмек берілгені көп жағынан пайдасы тиді. 2 станогін сатып алдым. Мынау пенапласты кесетін станок. Анау құйып шығаратын станок.

 Ал Ақтаулық Дәулет Еркінұлы «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасының жемісін көрді. Жас маман әкімдікте тәжірибе жинап, тұрақты жұмысқа орналасқан.

Дәулет Еркінұлы, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы:

Мен жастар практикасында көп нәрсе үйрендім. Көп тәжірибе жинадым. Соның арқасында Маңғыстау облыстық және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы болып жұмысқа орналастым. Бізге үлкен міндеттер жүктелген. Мысалы облыста кешенді даму жоспары бар. Соның орындалуын, жүзеге асуын біздер бақылаймыз.

Аймақта өңір тұрғындарының 29 пайызын жастар құрайды. Ресми мәлімет бойынша 35 жасқа дейінді тұрғындардың жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр. Биыл мансап орталықтарының көмегіне 23 мыңнан астам жас жүгінген.

Мұқаш Оралбай, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы:

Біз жастарға ұсынып отырғанымыз қысқа мерзімді заманауи мамандықтарды меңгеріп, сол арқылы өзіне табыс табу мүмкіндігіне ие болса. Смм, сайт жасау, сату өнері, мобилография сияқты. Біз осы бастамаларына қолдау көрсету, оларды ынталандыру және осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды, жалпы қолдау шараларын арттыру.

Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 815 млн теңге қарастырылып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Бүгінде 140 адам қаражат алды. Жастардың әлеуметтік, инновациялық бастамалары да назарда. Осы бағытта 1 млн теңгелік грантқа байқау басталды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу