Алдағы үш жылда отандық IT қызметтерінің экспорты 1 миллиард долларға жетуі тиіс. Президент Үкіметке осындай тапсырма берген болатын. Бұл орайда шетелдік IT-компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашу маңызды екенін де еске салған. Саланы дамытуға АҚШ-та білімін жетілдіріп жүрген қазақ жастары да атсалысуға дайын. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толығырақ.
Бостон АҚШ-тағы маңызды инновациялар орталығы, білім хабы саналады. Оның ішінде IT саласы бойынша бірегей оқу орындары бар. Сондықтан бұл шаһарда жаңаша білім алып жатқан қазақ жастары аз емес. Солардың бірі Бисенбай Дәулетбаев. Тағылымдамадан өтіп жатқан талапты жас қазір әлемге әйгілі электронды сауда алпауыты Amazon-ның қызмет сапасын арттыратын жаңа жүйені америкалық ғалымдармен бірлісіп әзірлеуде. Олар тапсырысты тұтынушыға төте әрі жедел жеткізудің жолын табуға білек сыбана кірісіп кеткен. Оның ішінде тасымалдау ісінде дрондарды қатар пайдалану жағын пысықтап жатыр.
Бисенбай Дәулетбаев, IT маманы, PHD студенті:
Amazon, DHL деген компаниялар қолдануы мүмкін. Олар тауарларын жүк көлігімен тасиды. Біз сол тасымалдың үстінен дрон қоямыз. Яғни, жүк көлігі бірнеше затты алып кетіп бара жатқан уақытта, дрондар ұшып келіп сол жүк көлігінен заттарды алып кетіп отырады. Солайша екеуі бірігіп жұмыс істейді. Біз осы арқылы жеткізу уақытын тездетеміз.
Төте жолдардың алгоритмі жасанды интеллект арқылы анықталады. Ауыр жүктер көліктерімен ал, жеңіл заттар дронмен жеткізілмек. Бұл жүйе дәрігердің де жұмысын едәуір жеңілдетпек.
Бисенбай Дәулетбаев, IT маманы, PHD студенті:
Егер клиент көп болса жеткізу кешігеді, уақыт алады. Сол үшін біз жасанды интелектіні қолдану арқылы осы мәселені тиімді жолмен шешуге тырысып көрудеміз. Мысалы Amazon-да «Прайм эйр» деген сервис бар, ол жеке прайм адамдарға, яғни, тауарлары отыз минуттың ішінде келетіндей мүмкіндік жасайды. Мұндай жеткізу көбінесе ауруханаларға керек болуы мүмкін. Дәрілерді науқастарға тез жеткізу үшін.
Amazon - АҚШ қана емес әлемдегі ең көп тауар сататын компанияның бірі. Бірақ затты тұтынушыға уақытылы жеткізбегендіктен жыл сайын миллиардтаған доллар пайдадан қағылып жатыр. Қазақ IT маманы қолға алған жоба сәтті жүзеге асырса алпауыт компания үлкен проблемадан құтылып қана қоймайды, табысы ұлғайып, тұтынушылар арасында беделі де арта түспек. Ал Америкадағы тағылымдамасы аяқталған соң Бисенбай өздері ойлап тапқан тауар жеткізудің тиімді жүйесін Қазақстанда да енгізуді жоспарлап отыр.
Жалғас Сәдібекұлы