Түркістан облысында үш ауылдың тұрғындары елдімекен іргесінен алтын өндірілуіне қарсы. Түлкібас ауданында кен игеруді бастап кеткен компания жергілікті әкімдікке тіпті ескертпеген болып шықты. Жер қыртысы бұзылса, жайылымсыз, сусыз қаламыз деген жұрт алтын өндірісін біржола тоқтатуды сұрайды.
250-дей түтіні бар Абай ауылы халқынан соңғы үш жылдан бері маза қашқан. Елдімекеннің іргесінен екі шақырымдай жерде кен игеріледі дегенді естіген жұрт елең-алаң күйде. Өйткені кен өндіретіндер төменде ағып жатқан Кіші Көкбұлақ өзенін бойлай, тауға дейін қазса зардабы орасан болады дейді жергілікті халық.
Мұрат Тұрғанбаев, Абай ауылының тұрғыны:
Сіздер қазір ананы қазасыздар. Ол судың деңгейі ауады да, халық сусыз қалады. Сусыз қалғаннан кейін жаңағы экологияң, балығың кетеді. Ағашың кетеді, мал жайылымың кетеді. Соның бәрі құриды. Ал қазір бұлар көрпдіңіз ба баса көктеп кіреміз деп отыр.
Ауыл тұрғындарының айтуынша көрші ауылдан кен іздегендер шұрайлы жерлерді терең ор ғып қазып, орындарын бекітпей тастап кеткен. Оған мал түсіп, өліп жатыр дейді. Ең сорақысы, қазылған жерлерге қайта шөп шықпайды. Қоршаған орта бүлінетін болды деп шырылдаған жұрт үш жыл ішінде қақпаған есігіміз қалмады деп өкпелі.
Тілеуқұл Қаржаубаев, Абай ауылының тұрғыны:
Алтын қазылғаннан кейін бұл ауылда тіршілік өшеді, тоқтайды. Мал бағатын жер жоқ. Бәріміз бүкіл ауыл қазір шешіліп отырмыз, техникасы келсе дөңгелегінің астына жатамыз. Бізді таптап өлтіріп барып, қаза берсін болды. Басқа амалымыз жоқ біздің. Аудан әкіміне, ана әкімдерге сенуден қалдық. Үш жыл болды барып жүргенімізге. Ешқандай шара қолданбайды.
Ал бұл мәселеге қатысты кәсіпорын басшылығы халықтың шулауына негіз жоқ деп санайды. Тиісті құжатымыз түгел деген олар әзірге тек барлау жұмысын жүргізбек. Жалпы 10 гектар алқапты игеруді көздейді.
Нәзипа Мамықова, мердігер мекеменің директоры:
Қазылатын несі біз примерно 10 метрдей қазамыз тереңдікте, 10-17 метрдей қазылады. Аумағы 400-500 метр болады. Біз көреміз ол бар ма алтын, жоқ па, біз қазып-қазып көреміз. Орнын ретке келтіреміз.
Ауданның атқамінерлері болса, алтын іздеуші компания өкілдерімен ешқандай келісім болмағанын айтады.
Мұстафа Телғараев, ауыл әкімі:
Олардың айтуы бойынша барлау жұмыстары. Барлау жұмыстарына лицензия, рұқсат қағаздары болған деді. Бұл жерде халық шешеді. Халық егер қарсы болатын болса, бұл жерде ешқандай компания қазу жұмыстарын жүргізе алмайды.
Бұған дейін осы компанияның жұмысына тексеру жүргізген экологтар біршама шикілік шыққанын көлденең тартып отыр. Яғни Қайыршақ ауылында кен өнідіріп жатқандар өзен бойы мен қазылған жерлерге сарқынды сулар төккен. Жер қойнауын игергендер тек айыппұлмен құтылған.
Айнұр Әбілқасымқызы