М.Адиев: Команда ойыншыларына ризамын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

М.Адиев: Команда ойыншыларына ризамын

21.11.2023

Команда ойыншыларына ризамын. Футболдан Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев осылай деді. Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Словения командасына қарсы ойын өткізді. «Н» тобынан Еурододағы екінші орынмен жолдама алу мүмкіндігі екі құрамада да бірдей болды.

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ қос команда алма - кезек шабуыл жасап, жылдам гол соғудың жолын қарастырды. Ойынның бірінші таймы аяқталар тұста Ян Вороговский қарсылас команда ойыншысына қарсы ереже бұзып, нәтижесінде төреші Шацкий қақпаға пенальти белгіледі. Нүктеге келген Беньямин Шешко бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, ойынның 41-минутында есеп ашып кетті. 1:0.

Кездесудің 48-минутында Максим Самородовтың пасынан кейін Рамазан Оразов Ян Облок қақпасынан саңылау тауып, есепті теңестірді. 1:1.

Негізгі уақыттың аяқталуына 4 минуттай қалған кезде қосалқы құрамнан алаңға шыққан Беньямин Вербич алаң иелерін тағы да есепте алға шығарып, нәтижесінде 2:1 есебімен словениялық футболшылар жеңіске жетті.

Магомед Адиев, футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Команда ойыншыларына ризамын. Бар айтқанымды орындап отырды. Екінші таймды жақсы бастадық, бірақ соңына қарай барлық командамен шабуылдап, қарсыластың бір қарымта шабуылына үлгермедік.

«Н» тобында Қазақстан құрамасы Финляндиямен бірдей ұпай жинады. Қос ұжым қоржынында 18 ұпайдан. Ал футболдан Еуропа чемпионатына бірінші орынмен Дания шықса, екінші орынмен Словения құрамасы жолдама алды.

Игорь Шацкий, футболдан Қазақстан құрамасының қақпашысы:

Бүгін жеңіске жеткіміз келді. Барымызды салдық. Бірақ біз ойлағандай болмады. Жанкүйерлерді қуантқымыз келген еді. Дегенмен әлі мүмкіндік бар. Келесі жылы Ұлттар лигасында жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Қазақстан құрамасының әлі де футболдан Еуропа чемпионатына жолдама алатын мүмкіндікке ие. Келер жылы ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекия командасына қарсы ойын өткізеді.

Ерсін Ерік


Хабарламаларға жазылу